Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Бүгін аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудан әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің атқарған жұмыстары жөніндегі есебін тыңдады. Кеңес төрағасы Рыскелді Әліштің баяндамасын тыңдаған аудан басшысы, былтыр Аққұм ауыл округінде орын алған тері лейшманиозының биыл да қайталанбауы үшін қандай іс-шаралар қолға алынғаны жөнінде сұрады.

Кеңес төрағасы тері лейшманиозының алдын алу үшін 2017-18 жылдарға арналған бірлескен кешенді іс-шара жоспары бекітілгенін атап өтті. Жоспарға сәйкес Аққұм, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауыл округтерінде ауруды тарататын үлкен құмтышқандардың 28 га жерге ұялаған колониялары анықталып, оларды механикалық жолмен бұзу (жер жырту) жұмыстары наурыз айының екінші онкүндігінде басталатынын баян етті.

Сонымен бірге төрт ауыл округіндегі 12 елді мекеннің барлығы 3 шақырымдық радиуста 6813 га аймақ дератизацияланып, 2219 тұрғын үй, аула, қора-қопсы, жалпы көлемі 552 044 шаршы метр жер дезинсекцияланады – деді.

Есепті тыңдаған аудан басшысы аталған төрт ауыл округінің әкімдеріне үй, аула, мал қораларды және ауыл аймағын таза ұстауды, осы шаралардың мерзімінде әрі сапалы орындалуына жауапты екендерін қатаң ескертті.

Сондай-ақ, аталған төрт округ тұрғындарын жаппай мединицалық тексеруден өткізу үшін көшпелі бригада шығару жөнінде кеңеске міндеттер жүктеді.

Аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасына аталған шараларға Республикадан бөлінетін қаржының дер кезінде жетуін қадағалауды тапсырды.

Жиын соңында аудан басшысы тері лейшманиозының алдын алу аудан халқының бәріне қатысты екендігін айта келе (ауласының санитарлық тазалығын сақтау, кеміргіштердің пайда болуына жол бермеу), тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізуді, зиялы қауым мен қоғамдастық мүшелеріне осы шараға белсене қатысуға шақырды.

Back to Top