Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ОТЫРАРЛЫҚТАР ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ҚОЛДАЙДЫ

31 қаңтар күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазастан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Жолдау «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталды. Ел Президентінің Жолдауындағы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуға тиісті жоспарлар мен міндеттер еліміз үшін нақты бағыт-бағдар болып отыр.

Бүгін аудан тұрғындарына биылғы Жолдаудың мақсат-міндеттерін халыққа кеңінен түсіндіру, насихаттау мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Мұсырман Кәрібай Иманжанұлы мен Ержан Құдайберген Төлепұлы кездесу жиынын өткізді. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, ауыл округтерінің әкімдері және мекемелер мен бөлім басшылары, кәсіпкерлер мен ұстаздар, БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды аудан әкімі Ерлан Айтаханов ашып, жүргізіп отырды.

Жиында алғаш сөз алған Мұсырман Кәрібай Иманжанұлы биылғы Жолдаудағы саяси ұтымды ұсыныстар мен басым бағыттарды атап өтті.

- Әлемдік дағдарыс жағдайында қабылданған нақты шаралар өзінің тиімділігін көрсетуде. «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары іске асырылуда. Жақында ғана Елбасы өкілеттілікті қайта бөлу жөнінде шешім қабылдап, конститутциялық реформалар бағдарламасын ұсынды. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы сол жұмыстардың нақты жалғасы. Биылғы Жолдау аясында Елбасы бес басымдылықты атап көрсетіп, нақты міндеттер қойды,- деген Мәжіліс депутаты Жолдаудағы басым бағыттарға жеке-жеке тоқталып, оларды жүзеге асырудың мүмкіндіктері жайлы баяндады. Сондай-ақ жиында сөз алған депутат Ержан Құдайберген Төлепұлы экономикамыз әлемдік даму үрдісінен қалмай, тұрақты өркендеуі үшін цифрлы технологияны барлық салаларға кеңінен енгізуге назар аударылатынын айтты.

Кездесу жиынында жарыссөзге шыққан ардагер ұстаз, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев Елбасы Жолдауында айтылған ардагерлерге көрсетілетін әлеуметтік көмектердің жай-күйін сөз ете келе, ардагерлер Елбасы Жолдауын бірауыздан қолдайтынын жеткізді.

Жиын барысында Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков, аудандық мәслихаттың депутаты Аралбай Асан, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Әділхановтар да өз ойларымен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ерлан Айтаханов Елбасы Жолдауын жан-жақты түсіндірген Мәжіліс депутаттарына алғысын жеткізіп, Елбасымыз-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын отырарлықтар да қызу қолдайтынын айтты.

Back to Top