Открыть меню Поиск
СМИ о нас
Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района

История Отырара

Отырар ауданы

Отырар ауданының құрылу тарихы 1930 жылы осы өңірде өткен «Шәуілдір съезі» деп аталып кеткен үлкен жиыннан басталады. Онда халық біржола отырықшылыққа көшуге, бірігуге, Арыс өзенін бөгеп, Шәуілдір каналын қазуға шешім қабылдады. Шәуілдір ауылының азаматы Дүйсенбай Алтынбеков көшпенді халықты отырықшы болуға, егіншілікпен айналысуға, ол үшін бірлесіп Арыс өзенін бөгеуге, канал қазуға шақырды. Бұған үкімет тарапынан көмек берілді. 1931 жылы ауданда алғашқы бес ұжымшар ұйымдасты. Тұңғыш төрағалары болып «Абатта» -Тұрғанбай Бозшабаев, «Кеңесте» - Ә.Тойлыбаев, «Жаңаарықта»- А.Құрманбеков, «Отырарда» - О. Баймышев, «Қызылтүркістанда»- Ж.Рүстемов еңбек етті. Осы тұста ауылдық кеңестер құрылып, жаңа ұжымшарлар дүниеге келді. 1932 жылы тағы да Талапты, Қарғалы, Байылдыр, Қоғам, Ынталы ұжымшарлары ұйымдастырылды. Темір станциясынан МТС ашылды. Ауданға алғашқы тракторлар келді. Ұжымшарлар саны 17-ге жетті. 1932 жылы Көкмардан каналына су берілді. 1934-1935 жылы Көксарай, Құлан каналдары қазылды. Зор табысқа жеткен Жаңаарық ұжымшары еңбеккерлеріне Мәскеудегі Калинин атындағы машина жасау зауытының өкілі Иванов 1,5 тонналық жүк машинасын сыйға тартты. Бұл Шәуілдір өңіріндегі тұңғыш машина еді. Оны ауданда алғашқы болып жүргізген К.Шірдебаев еді.

1932 жылы Арыс өзені бөгелген тұстан инженер Мереевтің басшылығымен шағын су электр станциясы салына бастады. Бірақ сталиндік қуғын-сүргін салдарынан бұл жұмыс тоқтап қалды. Алайда 1954 жылы қайта қолға алынды. Сөйтіп 1954 жылы 5 қарашада Шәуілдірге бұл станция алғаш рет электр қуатын берді.

Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің 1934 жылы 27 желтоқсандағы №106 қаулысымен Шәуілдір ауданын құру туралы шешім қабылданды. 1935 жылы 9 қаңтарда Қазақстан ОАК шешімі бойынша Шәуілдір ауданы Түркістан ауданынан бөлініп, өз алдына отау тікті. Жаңа құрылымды кадрлармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар белгіленді. Ауданда партбюро құрылып, оның құрамына аупартком хатшысы Н.Жәлелов, ауатком төрағасы Д.Алтынбеков, МТС директоры Ғайнуллин енгізілді. Жаңа құрылым «Шәуілдір ауданы» деп аталды. Аудан орталығы Темір станциясында болды. 1936 жылдан бастап орталығы Шәуілдір ауданы болып бекітілді.

Шәуілдір аудандық ұйымдастыру бюросының 1935 жылы 22 наурыздағы №3 қаулысымен С.Боранбаев аудандық газеттің редакторы болып тағайындалды да, газетті «Социалистік Шәуілдір» деп атау жөнінде шешім қабылданды. 1935 жылы аудан Монғолиядан 600 түйе алды. Қаратөбеден түйе зауыты ұйымдастырылды (алғашқы директоры – Я.Бошаев). Отырар өңіріне білім мен мәдениет, дәрігерлік көмек келе бастады. Ауданда тұңғыш бастауыш мектеп 1926 жылы Темір станциясында ашылды. Онда алғашқы ұстаз Б.Басов болды. 1930 жылы Абат, Кеңес, Жаңаарық (оң қанаты) қонысында Кеңес бастауыш мектебі (меңгерушісі-А.Насұрлаев), ал Отырар, Қызылтүркістан, Жаңаарық (сол қанаты) қонысында Отырар бастауыш мектебі (меңгерушісі-Е.Бақтыбаев) ұйымдастырылды. 1930 жылдың бас кезінде ауданда алғашқы радио мен телефон жұмыс істей бастады.

1935 жылы аудан орталығынан Мирзоян атындағы мектеп (қазіргі Жамбыл) ғимаратын Өзбекстан делегациясын бастап келген Ю.Ахунбабаев салдырды. Алғашқы директоры – И.Жүзжанов болды. Осы мектептің жанынан аудандағы алғашқы интернат ашылды. Бұдан кейін аудан көлемінде Қоғам, Темір, Қарғалы, Шілік, Ақтөбе, Қаракөл, Овцевод орталау мектептері жұмыс істей бастады. Сондай-ақ аудандағы алғашқы емхана 1933 жылы ашылды. Онда тұңғыш рет дәрігер Сергева жұмыс істеген. 1934 жылы аудандық денсаулық сақтау бөлімі ұйымдастырылып, оны дәрігер Төлегенов басқарған. 1936 жылы ауданда тұңғыш рет 25 төсектік аурухана ашылып, оның бас дәрігерлігіне Е.Оразаков тағайындалды.

1935 жылы Шәуілдір ауданында 23 партия ұйымы құрылып, оларда 224 коммунист болған. ІІ-ші дүние жүзілік соғыс жылдарында аудан халқы майдан үшін еңбек етті. Бұл өте ауыр жылдар еді. Аудандағы екі кеңшар (Қаракөл, түйе зауыты), 14 ұжымшарда жұмыс қайнап жатты. Аудандық комсомол комитеті үндеу көтеріп, 1944 жылы аудан жастары ұшақ жасауға жүз мың сом қаржы жинады. Ал Қажымұқан Мұңайтпасов қорғаныс қорына А.Иманов атындағы ұшақ жасау үшін 100 мың сом қаржы берді. Қазіргі Аққұм ауылының тұрғыны К.Мүсірепова соғыс жылдары М.Мәметова атындағы танк колоннасын жасауға өзінің маңдай терімен тапқан 25 мың сом қаржысын қосқан. Бұл сұрапыл соғысқа Отырар ауданынан 3371 ер–азамат аттанды. Оның 2466-сы майдан даласында қаза тапты. Олар ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Т.Ибрагимов пен С.Әшіров Кеңес Одағының Батыры атанды. Елге жеңіспен оралған 828 отырарлық сарбаз аудан экономикасы мен мәдениетін өркендетуде үлкен еңбек сіңірді. Соғыс жылдарында басқа елдерден көптеген отбасылар ауданға қоныс аударып келді. Көпшілігі қарт кісілер, әйелдер мен балалар еді. Олардың бәрін отырарлықтар өз үйіне паналатып, бір үзім нандарына дейін солармен бөлісіп жеді.

Соғыс жылдарында ауданда үш кеңшар (Қаракөл, түйе зауыты, Қожатоғай), 18 ұжымшар болса, соғыстан кейін кеңшарлар саны арта түсті. Елді мекендер қайта жанданып, ауыл келбеті қазіргі заманғы архитектуралық бейнеге ие болды. 1957 жылы барлық ұжымшарлар таратылып, кеңшарлар құрылды. Осы жылы «Арыс», «Овцевод» кеңшарлары ұйымдастырылды. 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылды. Облыс «Шымкент облысы» деп аталды. Сонымен қатар ірілендірілген ауыл шаруашылық басқармалары ұйымдастырылды. Бұрынғы Шәуілдір, Арыс аудандары, Арыс қаласы бірігіп Қызылқұм ауданы болып қайта құрылды. Арыс қаласы Қызылқұм ауданының орталығы болып қалды. Бұл аудан тұрғындары үшін де, басқаруға да қолайсыз еді. Осыған байланысты аудан орталығын Шәуілдірге көшіру жөнінде өтініштер түсті. Осы тұста аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Жылқышиевтің бастамасымен 1963 жылы аудан орталығы Шәуілдір ауданына көшірілді. 1962 жылы «Шілік» мал бордақылау кеңшары «Темір» кеңшарынан бөлініп шықты. 1963 жылы «Ақтөбе», «Талапты» кеңшарлары ұйымдастырылды. Ал 1965 жылдың маусым айында аудан аймағында «Балтакөл» кеңшары құрылды. 1964 жылы «Темір» қаракөл қой кеңшарына «Коммунистік еңбек коллективі» атағы берілді. 1965 жылы бұл кеңшарға «Еңбек Қызыл Ту» ордені тапсырылды. 1964 жылы қазіргі аудан әкімдігінің ғимараты салынды. 1965 жылы аудан орталығына қарай алғашқы асфальт жол төселді. 1967 жылы ауданға жоғары кернеулі электр желісі жеткізілді. Сондай-ақ «Қарлығаш» кинотеатры пайдалануға берілді. 1969-1970 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы орта мектеп салынып бітті. 1970 жылы Арыс өзеніне қазіргі тас көпір салынды. 1973 жылы аудандық аурухана пайдалануға берілді. 1980 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ұйымдастырылып, өз қызықтаушыларын қабылдады. 1981 жылы ұзындығы 35 км-лік Сырдария-Арыс каналы бірнеше айда қазылып пайдалануға берілді. 1983 жылы Сырдария өзеніне көпір салынды. 1987 жылы аудан орталығынан әл-Фараби атындағы Мәдениет сарайы бой көтеріп, пайдалануға берілді.

Аудан әлеуметтік-экономикалық салада зор жетістіктерге жеткені үшін 1981,1983 жылы екі рет бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атанды. 1990 жылы мамырда ауданда Шәуілдір өңірін суландырудың 60 жылдығы мен ауданның 55 жылдығы атап өтілді. 1991 жылы ауданға ежелгі «Отырар» атауы берілді. Ал ауданға газет «Отырар алқабы» деген атпен шыға бастады. Ауданда өндірісті ұйымдастыруда, экономика мен әлеуметтік мәселелерді үйлестіруде, кадрлар тәрбиелеуде үздік тәжірибелер қалыптасты. 1990 жылы 13 мамырда Тұңғыш Президентіміз Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Отырарға алғаш рет келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық мәдени жағдайының өсіп-өркендеуіне тікелей зор көмек көрсетті. 2003 жылы облыс әкімі Б.Жылқышиевтің тікелей қолдауымен облыс әкімдігі мен мәслихаты Отырар ауданының 2004-2006 жылдарға арналған әлеуметтік–экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама бойынша каналдарды бетонмен қаптау, ауыз су жүйелерін жүргізу жұмыстары аяқталып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. «Көне Отырар қалашығын сақтау және қалпына келтіру» бағдарламары қабылданып, нәтижелі жұмыстар іске асырылуда. 2005 жылы қыркүйек айының басында оңтүстікке жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Отырар ауданына соғып, Арыстанбаб кесенесінде зиярат жасады. Халықпен кездесті. Сонымен қатар Елбасы осы аудандағы көктемде тасқын судан зардап шеккен Маяқұм ауылында болды. Кезінде Үкіметке тапсырма беріп, 400 млн. теңге қаржы бөлдірген Елбасы енді сол қаражатқа салынған «Наурыз» мөлтекауданындағы 75 тұрғын үйді көріп, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.

2005 жылы «Отырар даңқы» тарихи танымдық кешені ашылды. Қазір бұл кешеннің екінші кезеңі «Менің Қазастаным» мәдени кешенімен жалғасуда.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2010 жылы 11 қарашада ауданымызда болып халықпен жүздесті, пікірлесті, облыс әкімшілігі тарапынан тиісті көмек көрсетті. Мұның өзі отырарлықтардың рухын көтеріп, үлкен еңбек өрлеуін туғызды. Кәсіпкерлік дамыды, жол, ауыз су, тұрғын үй проблемалары шешімін тапты. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт дамыды. Мектеп, балабақша, емхана, спорт ғимараттары т.б. салынды. Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы ашылды.

Әлемде теңдесі жоқ ұлы ойшыл, ғұлама, энциклопедист ғалым, заманымыздың Аристотелі Әбу Нәсір әл-Фарабидің Отаны Отырар тәуелсіздігіміздің арқасында осылай өсіп-өркендеп келеді.

Категория (районы): 
Размещено: 04.04.2016 - 17:45:27
Обновлено: 04.04.2016 - 17:45:27
© 2017

Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района