Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

АУДАН ӘКІМІ ТАЛАПТЫЛЫҚТАРҒА ЕСЕП БЕРДІ

Аудан әкімінің кезекті есеп беру жиыны Талапты ауыл округінде жалғасты.

Аудан әкімі талаптылықтармен кездесіп, 2019 жылы атқарған жұмыстарын ұсынды. Өткен жыл талаптылықтар үшін жемісті жыл болды десек қателеспейміз. Ағын судың тапшылығына қарамастан ауыл шаруалары егіс алқаптарында тың технологияларды енгізе отырып, мол өнім алды. Ауыл округінің Арыс өзенінің аймағында орналасқанын ескерсек, ауыл шаруашылығы дихандары қарқынды бау, егістік жерлерді тамшылатып суғару, терең қопсыту және жылыжай жұмыстарына ерекше назарларын аударуда. Жалпы ауыл округінде 4386 га суармалы егістік жер бар. 2019 жылы ауыл округінің агроқұрылымдары бірігіп 431 шаруа қожалық, 2 өндірістік кооператив, 11 ЖШС-мен 3415 га жерді игерді.

Ауыл елді мекендер аумақтарын көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық, жолдар мен көшелерді жөндеу, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылды.

Ауыл округіне қарасты Шытты елді мекеніндегі Ө.Аңдамасов, Ынтымақ көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудандық бюджет есебінен Ынталы елді мекеніндегі М.Дәрімбеков көшесіне (520 метр) 7 млн 602 мың теңгеге және Шытты елді мекенінен Мәңгілік Ел көшесіне (470 метр) 6 млн 756 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстары (асфальт) жүргізілді. Сметалық құны 19 млн теңге болатын Көкмардан елді мекені М.Сәрсенбаев көшесінің (1300метр) бойы толықтай жарықтандырылды.

Аудан әкімі 2020 жыл ауданымыз үшін, оның ішінде Талапты ауыл округі үшін мерейлі де, берекелі жыл болатынын тілге тиек етті. Ағымдағы жылы ауыл округіне қарасты елді мекендерде абаттандыру, жарықтандыру, ішкі көшелерді жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жиын барысында аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріп, еркін форматта пікір алмасты.

Көпшілік аудан басшысының өткен жылы атқарған жұмыстарына өте жақсы деген бағаларын берді.

Back to Top