Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

МӘСЛИХАТТАРДЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап, аңсаған, тағатсыздана тосқан тәуелсіздігімізге қолымыздың жетіп, зор қуанышқа кенелгенімізге биыл 28 жыл толып отырса, теңдесі жоқ осы тарихи оқиғаның сәтімен жүзеге асқанында еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сүбелі үлестері жатқаны сөзсіз. Тәуелсіздікті тұғырлы етуге қажетті барлық мемлекеттік нышандар түгелденген тұста тағы да бір қажеттілік туындап, азат еліміздің өмірінде жаңадан мәслихаттар жасақталып, жұмыстарын бастаған еді. Міне, осы оқиғаға биыл 25 жыл толып отыр.

74 жыл бойы іргесі мызғымастай болып коммунистік партияның туын көкке желбіретіп, социализмның идеясымен жарты әлемге әмірін жүргізген Кеңес Одағының ғұмыры түгесіліп, сол Одақтың құрамында болған мемлекеттердегі халықтар экономикалық қиындықтарға тап болып, айлар бойы жалақылары мен зейнетақылары қолдарына тимей, қатты тарыққан кездерінде мәслихаттар мен аппараттары, депутаттары қиналған жұртшылықты сабыр мен түсіністікке шақырып, өздерінің биік адамгершілік қасиеттерін көрсете білген еді. Әрине, осындай кездерде өз міндеттерін мінсіз атқарған мәслихаттардың мерейтойын атап өтудің ешқандай артықшылығы болмас деп есептейміз.

Өткен сенбі күні мәслихаттардың ширек ғасырлық мерейтойына орай "Оқсыз" спорт кешенінде ауданымыздағы мекеме қызметкерлері арасында кіші футболдан дүбірлі жарыс болып өтті. Салтанатты жағдайда ашылған тартысты спорт сайысына аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манаповтар арнайы қатысып, халық денсаулығын нығайтуға септігін тигізетін спорт түрлерінің маңыздылығына тебірене тоқталып, жарысқа қатысушыларға жеңіс пен сәттіліктер тілеген ізгі ниеттерін білдірді. Жалпы мерейтойлық жарысқа 15 команда қатысса, бірінші орынды аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің командасы иеленіп, мерейлері үстем болды. Ал, екінші орын "Оңтүстік-Жарық" мекемесінің командасына бұйырса, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің командасы үшінші орынға белгіленген жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ дүбірлі додада өз шеберліктерін паш еткен жекелеген спортшыларда арнайы марапаттарға ие болды. Сөйтіп, мәслихаттардың тартысты өткен спорт додасында шеберліктерін көрсетіп барлық командалар сый-сияпаттардан құр қалмады.

Back to Top