Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

СЫҢҒЫРЛА КҮМІС ҚОҢЫРАУ

1 қыркүйек тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы тәуелді болған қызу қайнаған, жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.

Бүгін ауданымыздағы білім ордаларында "Сығырла күміс қоңырау" атты мерекелік шарасы кең көлемде аталып өтті. Ақ көйлек, ақ бантиктерін тағынып, қолдарына қызыл гүл шоқтарын ұстап білім күні мерекесін тойлауға асыққан мектеп оқушылары мен мектеп ұстаздарының қуанышқа толы жүздерінен жазғы демалыстан кейінгі мектепке деген сағынышты аңғаруға болады.

Аудан бойынша осы оқу жылында 1-ші сыныпқа 1400 оқушы қабылданып, мектеп табалдырығын аттағалы отырса, соның ішінде 75 бүлдіршін ауданымыздағы "Темір" мектеп-лицейінің табалдырығын аттап, кірпіш боп қаланғалы отыр. Мектеп-лицейдің 2018-2019 оқу жылында ҰБТ-ке қатысқан түлектері жоғары нәтиже көрсетіп, 44 бітірушінің 33-і иегері атанса, 8 оқушы Алтын белгіге ие болды. Әрине бұл көрсеткіштер мен жетістіктердің барлығы ұлағатты ұстаз еңбегінің жемісі.

Білім ұясындағы салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымын 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтап алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.

Аудан басшысы құттықтау сөзінде: "Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдердің қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесінің мазмұнын жаңғырту аясында ең бірінші, «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы алдағы уақытта өз мәресіне жететінін мәлімдеді. Әрине, бұл ұстаздар қауымы үшін үлкен мүмкіндік, әрі үлкен жауапкершілік деп білемін. Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын",-деді.

Сонымен қатар, осы мектептің түлегі атанған аудан басшысы өзіне білім берген ұстаздары Жантемір Қалдыбеков, Оңат Ортайларға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынды.

Мерекелік шарада алғашқы қоңырау соғылып, жиналған көпшілік мектеп оқушыларының өнерлерін тамашалады.

Back to Top