Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАН ЖАС ҚЫРАНДАР

Тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы Отырар қазақ өркениетінің алтын діңгегі» деп айрықша атап көрсеткендей сан қырлы ғұлама ғалымдығы «Екінші Аристотель» ретінде дүние жүзінде даусыз мойындалған әл-Фарабидің отаны біздің киелі Отырар өңірі қай жағынан болса да әсіресе білім саласынан да алдынғы орындарды еншілеп, мерейімізді тасытып, мәртебемізді биіктетіп келеді.
2019 жыл ауданымыздың білім саласы үшін жетістікке толы жыл болды. Ауданымызда өткен жылы өткен ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 31 оқушы «Алтын белгі», 11 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған. Биыл аудан бойынша «Алтын белгі» саны – 61 жетсе, «Үздік аттестат» иегерлерінің саны 26 оқушыны құрап отыр.
Бүгін он бір жыл бойы алған білімдерін сарапқа салатын ұлттық бірыңғай тестке қатысып, білім бәсекесінен бақтары жанып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген түлектерді аудан әкімі Ерлан Айтаханов жылы шыраймен арнайы қабылдап, отырарлық түлектерге деген шын жүректен ізгі ниеттерін білдіріп, құттықтады. Қуанышты көңіл-күймен басталған жылы жүзді қабылдауда аудан басшысы: «Бүгінде тәуелсіз елімізде жастарымыздың жан-жақты терең де сапалы білім алуларына мемлекет тарапынан әрқашан қолайлы жағдай жасалып келеді. Бұл еліміздегі дұрыс жүргізіліп келе жатқан сындарлы саясаттың арқасында екендігі ақиқат.
Биылғы жылғы түлектер түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, жақсы жетістіктерге жетті. Балалық шақтан болашаққа қадам басқан жалынды жастар ауданымыздың білім саласындағы беделінің артуына өзіндік үлестерін қосты. Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастары – Сендерсіңдер. Сондықтан да жауапкергілікті терең сезініп, әрқашан сенім биігінен көріне беріңдер» деген тілегін білдірді.
Сондай-ақ, жиында Ерлан Қуанышұлы егемен елдің жалынды жастарын білім нәрімен сусындап, кәсіби маман ретінде алған білімдерін туған жердің өсіп-өркендеуіне жұмсауға туған елдің туын тіктеп, еңсесін биік ұстауға шақырды.
Жиын барысында талай сыннан сүрінбей өткен түлектерге аудан басшысы туған жердің тарихын танып, білу мақсатында киелі Отырардың ерекшеліктері жөнінде сауал жолдады. Тосыннан қойылған сұраққа мүдірмей жауап берген Жамбыл мектебінің бітіруші түлегі Амандос Раманқұлға «Білім – теңіз, мектеп - кеме» деген қанатты сөзге мән бере отырып, желкенді кеменің макетін естелік ретінде сыйға тартты.
Аудан әкімінің ақ тілектермен өрілген ізгі ниеттеріне көңілдері марқайған түлектер суретке түсіп жатты.

Back to Top