Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ТӨРЛЕТ, НАУРЫЗ – ЖЫЛ БАСЫ!

Былтыр Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен облыс орталығына айналған киелі шаһар Түркістанда әз-Наурыз мерекесі кең ауқымда тойланды. «Есім хан» алаңы мерекеге сай ерекше безендіріліп, жиылған көпшілікке жоғары көңіл-күй сыйлап тұрды.
Облыс әкімі өңір тұрғындары мен қонақтарын жыл басы – Наурыз мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі.
«Түркістан облысында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталды. Облысымызда әр күнге әртүрлі ат беріліп, мағыналы әрі мазмұнды іс-шаралар, жалпыхалықтық серуендер өтті. Көшеттер отырғызылып, қаланы көркейту жұмыстары жанданды. Ұлттық киім мен дәстүрлі ән-күйлеріміз насихатталды. Бүгінгі мерекені пайдалана отырып, баршаңызды Түркістанды гүлдендіруге үлес қосуға шақырамын. «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» деген мақал бар. Бірлігіміз мықты, еліміз тыныш болса, Түркістанымыздың келешегі жарқын болатыны сөзсіз. Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Театрландырылған көріністер мен мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалаған жұртшылық кеше ғана Елбасы есімімен аталған бұрынғы «Арбат» даңғылындағы көрмелер мен қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады.
Аймақтың аудан, қалалары тіккен киіз үйлерде ұлттық тағамдар дайындалып, 2000 литр наурыз көже, 1,5 тонна палау басылып, қонақтарға ұсынылды.
Түркі дүниесінің орталығы саналатын Түркістан қаласындағы наурыз мерекесіне отырарлықтар да белсене қатысты. Ұлттық нақышпен безендірілген он екі қанатты ақшаңқан киіз үйде кең дастарханға жайылған тіл үйірер ұлттық тағамдардан дәм татқан қонақтар алғыстарын жаудырып жатты. Отырар аудандық саз және өнер мектебі оркестрінің өнері көпшілікті өз шеберліктерімен сүйсінтті.

Back to Top