Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ОТЫРАРДА НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы наурыз мерекесі отырарлықтар үшін ерекше тарихи мерекелер бастауында тұр. Биыл тарихи Отырар шайқасына – 800 жыл толса, мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Жастар жылы ретінде жарияланып, аудан жастарына үлкен серпін берді. Бір сөзбен айтқанда, биылғы жыл - тарихи мерекелер мен оқиғалар тоғысқан жыл болып тұр.
Осындай айтулы оқиғалар қарсаңында отырарлықтар Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамын ерекше ықыласпен қарсы алды.
Той басы «Оқсыз» спорт кешенінде 2008-2010 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы «Қазақ күресінен» наурыз мерекесіне арналған «Наурыз кубогын» сарапқа салған облыстық турнирмен басталды. Ауданымыздағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 1999 жылғы түлектерінің демеушілігімен және аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Бәйдібек, Ордабасы аудандарынан келген жас балуандар қатысып бақтарын сынады.
Мұнан соң мерекелік жиын аудан орталығындағы спорт алаңында жалғасып, көпшілік қауым театрландырылған сахналық қойылымды тамашалады. Көктемнің келгенінен, мерекенің басталғанын сүйіншілеген жаршылардың хабарын естіген соң, сахна төрі қызыл-жасыл гүлге оранып, күн мен түннің белгілері салтанат құрды. Жұртшылық аспан әлемі мен жер бетіне бір саяхат жасап, қиял әлеміне енгендей болды. Ортаға 70 жұрттың тілін білетін, жеті қат көктің сырын дүние ғалам құпиясын зерттеген астраном ғалым, Отырар топырағында туып әлемге аты әйгілі болған Әбунасыр әл Фараби бабамыз шығып, аудан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады.
Салауатты өмір салтын ұстанған аудан жастары спорттің әр саласы бойынша өнерлерін көрсетіп, жиылған көпшілікті тәнті етті.
Ұлыстың Ұлы күнінде аудан тұрғындарын мерекелерімен құттықтауға сахна төріне көтерілген аудан әкімі Ерлан Айтаханов: «Құрметті отырарлықтар! Сіздерді көктем мен жаңару мерекесі 22 наурыз -Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің ата бабаларымыздың салт-дәстүрлерін қайтадан жаңғыртып жатқан бұл мерекені қазіргі экономикалық тұрақтылық, халықтардың өзара түсіністігі мен бірлігі арқасында жарқын көңілмен, ықыласпен қарсы алуды дәстүрге айналдырдық. Наурыз мейрамы-Тәуелсіз еліміздің дамуы мен гүлденуі жолында халқымызды бір-бірімен одан сайын тығыз жақындастыра түседі»,-дей келе, ауданымыздың экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып жүрген бір топ сала саңлақтарын марапаттады.
Сөз барысында халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова мен аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы Сатыбалды Жаңабай асыға жеткен мерейлі мерекемен жұртшылықты құттықтап, әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ пен бірлік тіледі.
Одан әрі мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары әсем де әуезді әндерді нақышына келтіре орындады.
Наурыз тойына келген тұрғындар ақшаңқай киіз үйлерді аралап, «Наурыз көжеден» дәм татты. Білекті де жүректі азаматтар «арқан тарту», «Қазақ күресі», «Қой көтеру» секілді ұлттық ойындарға қатысып бақтарын сынаса, өздеріне жарасымды қазақы киімдерімен гүлдей құлпырған ару қыздар «Алтыбақан» тепті.

Back to Top