Қазақша Русский

ТАРИХ ЕНШІСІНДЕ ҚАЛҒАН ЖЕМІСТІ ЖЫЛ

Бүгін аудан әкімі Ерлан Айтаханов отырарлықтар алдында 2018 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, есеп берді. Аудан әкімінің есеп беру кездесуіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов арнайы қатысты.
Кездесуге келген көпшілік алдымен 2018 жылы ауданда атқарылған жемісті жұмыстарды арнайы дайындалған бейнесюжеттен тамашалады. Тарих еншісіне қалған жылы ауданымызда жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде толайым табыстарға қол жеткізіліп, бірқатар салалар бойынша межелі міндеттер жоспардан артығымен орындалды.
Өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемі артып, 2018 жылдың есепті мерзімінде негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 14 млрд 623 млн теңгені құрады. Бұл 2017 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 105,2 %-ға артты.
Ауданымызда 2018 жылы алғаш рет ет экспорттау жұмысы қолға алынып, жүйелендіріп дұрыс жолға қойылды. Қой етін экспортқа шығару жоспары 259 тонна болса, бүгінгі таңда Иран мемлекетіне 272 тонна ет экспортталды. Яғни жоспар 105 пайызға артығымен орындалды.
Ағын судың тапшылығына қарамастан ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды қолдану арқылы (терең қопсыту, тамшылатып және жаңбырлатып суғару) мол өнім алып, облыс көлемінде үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Ауданымызда да өткен жылы тарихи оқиғаның бірі - газ құбырын тарту жұмыстары қолға алынған болатын. Газдандырылуға жататын 34 елді мекеннің 22 елді мекенін газдандыруға жобалық сметалық құжаттар дайындалды. Облыстық бюджет есебінен 6 елді мекенде жалпы құны 2 млрд 690 млн. теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары басталып, жүргізілуде.
Соңғы жылдары Ұлылар отаны атанған Отырардың білім саласында оң өзгерістер байқалады. ҰБТ-ның 3 жылдық қорытындысы бойынша жылдан-жылға көрсеткіші жоғарылап, 2018 жылы облыста бірінші орыннан көрінді.
Бейнесюжеттен кейін аудан басшысы 2019 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталып, бірқатарын баяндап өтті.
Жиында көпшілік атынан сөз алған Мырзахмет Темірбеков, Кеңес Жұмашов, Шаяхмет Серікбаев, Бектан Батырқұловтар аудан әкімінің атқарған жұмыстарын «өте жақсы» деп бағалап, ақ баталарын берді.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов сөз алып, аудан әкімнің жұмысын оң бағалаған аудан халқына ризашылығын білдіріп, Ерлан Қуанышұлының жұмысына сенім білдірді.

Back to Top