Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ТӨРЛЕТ, ЖАҢА ЖЫЛ!

Аудан халқы Жаңа жыл мерекесін шалқар шабытпен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Жылдағы дәстүр бойынша орталық алаңға аудан тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды.
«Жаңа жылым - жақсылықтың жаршысы» атты мерекелік кеште аудан өнерпаздары баршаға концерттік бағдарламасын тарту етті.
Сонымен қатар, орталық алаңға шыққан Аяз ата мен Ақшақарды көпшілік қауым ыстық ықыласпен қарсы алды.
Мерекелік кеште аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов жиналған көпшілікті жаңа 2019 жылмен шын жүректен құттықтады.
Ол өз сөзінде: «Уақыт жылжып, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, жаңа 2019 жыл төрімізге аяқ басты. Жаңа жыл жүріп өткен жолымызға баға беріп, тың қадам жасайтын, рухани серпін беретін, жақсылыққа ұмтылдыратын, жарқын өмірге жол сілтейтін мерейлі мереке.
Өткен, 2018 жыл еліміз үшін естен кетпес жарқын оқиғаларға толы болды. Күллі әлем көз тіккен ару қала Астананың 20 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуы жағынан мол табыстарға қол жеткіздік. Елбасының Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауынан бастау алған жақсылықтарды өз өмірімізден айқын сезіндік. Елдің дәулеті артып, барлық әлеуметтік топтарға жасалған мемлекеттік қамқорлық бақытты өмірдің айқын көрінісін орнықтырды. Сананы жаңғыртуға бағытталған Көшбасшымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын ауқымы кең, ілкімді істер де өз дәрежесінде атқарылуда. Қоғамдағы саяси тұрақтылық және халықтардың шынайы достығы біздің барлық табыстарымыздың кепілі болды. Отансүйгіштік қасиеттер мен ұлттық құндылықтарымыз асыл мұраттарымыздың орындалуына зор мүмкіндік екені анық. Алға қойған мақсаттарымызды орындауға халқымыздың бай тәжірибесі, ынтымағы мен бірлігі де ең басты негіз болатыны сөзсіз. Осындай басты байлықтарымыз арқылы қол жеткен барлық табыстарымыз 2019 жылы да жаңа идеялық ізденістермен және игі қадамдармен жалғасын таба береді деп сенеміз»,-деп, ізгі тілегін жеткізді.
Аудан тұрғындары аудан әкімінің жылы құттықтауымен қатар жаңа жылдық отшашудың да куәсі болды.
Жиналған көпшілік бағдарламаны тамашалап, әр түрлі қызықты ойындарға қатысып, ерекше көңіл күймен тарасты.

Back to Top