Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ӘБУ НӘСІР ӘЛ-ФАРАБИ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ СИМВОЛДЫҚ КАПИТАЛЫ

Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», - деп талайғы тарих толқынына түрен салған «Ұлы даланың жеті қырында»: «Ұлы даланың ұлы есімдері көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде өз мемлекеттерінің баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді», - деп ұлылар көшін жарқын болашаққа бағдарлап, бастап берді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік тұлғаларды жайдан-жай салыстырып отырған жоқ, қазақтың да өзінің баға жетпес символдық капиталы бар екенін айқындап отыр. Мәселен, осы күнге дейін әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама энциклопедист ғалым, заманымыздың Аристотелі, жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фарабиді «араб философы» деп жазып келді. Ал, шындығында олай емес қой, Әбу Нәсір әл-Фараби араб тілді қазақ философы. Енді тарихты өз орнына қоятын мезгіл келді. Президент осыны меңзеп отыр. Ол үшін сыртқы факторды алға тарта берудің қажеті жоқ. Әбу Нәсір әл-Фарабидің ислам философиясының негізін салушы энциклопедист ғалым екендігі, оған түркілік негіздің, ұлы ғалымның тарихи отаны Ұлы даланың әсері болғандығы айқын. Өйткені, Қазақстан ортағасырлық ислам өркениетінің ірі орталықтарының бірі болды. Отырарға ислам VIII ғасырда туын тікті. Ғалымдардың жазуынша ислам келген соң бұл өлкеде ғылым мен мәдениет бұрын соңды болмаған деңгейде дамып, қазірге белгілісі әлемдік деңгейде танылған 32 әл-Фарабилер шыққаны белгілі. Осы ғұламалардың көшбасшысы Әбу Нәсір әл-Фараби жас шағында Отырар медреселерінен білім алып, бозбала кезінде Таяу Шығыс елдеріне жетіп, білімін жетілдіріп,әлемдік ғылым салаларының антикалық дәуірден басталатын бастауларын айқындап қалыптастырғаны, дамытқаны, сөйтіп, энциклопедиялық ғылым жасағаны ақиқат. Бұл құбылыс уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталған төл тарихымыздағы ұлы жетістігіміз. Тәуелсіз Қазақстанға қатысты құндылықтар.
Қазақстан мен Таяу Шығыс арасындағы мәдени-өркениеттік байланыстар Әбу Нәсір әл-Фарабиден кейін де жалғаса берген. Мәселен, Мысырды ХІІІ ғасырда 17 жыл, 17 күн билеген атақты қолбасшы, мемлекет қайраткері, жерлесіміз, бауырымыз Әз-Заһир Бейбарыс сұлтанның өмірі мен қызметі бұған дәлел. Ол Әбу Нәсір әл-Фараби бабасының қызмет еткен, өмір сүрген, ғылым жасаған жерінің бәрін қасиетті деп есептеп, ғалымның екінші отаны болған Сирия Араб Республикасында тұрып, Мысырдай алып елге көбіне осы жерде тұрып билік жүргізген және Сирияның да гүлденуіне ықпал еткен. Ал, қайтыс боларында баласына: «Мен өлгенде Мысырға апарып, басыма перғауындар сияқты тас үйіп жерлемей, осындағы, Шам шаһарындағы Әбу Нәсір әл-Фараби бабам жерленген «Баб ас-Сағир» - «Кіші қақпа» мазаратының маңындағы өзім салдырған мектеп-медресе-кітапхана-мешітке жерле», - деп өсиет еткен. Баласы әкесінің өсиетін орындаған.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей пәрменімен қазір Әз-Заһир Бейбарыс сұлтанның Дамаскідегі бұл мазарат–кешені толық жөндеуден өткізіліп, кітапханасы бұрынғы өз әдебеиттерімен толықтырылып, қайта ашылып, Әбу Нәсір әл-Фараби мазаратына бес қабатты этно-мәдени орталық салынды. Тарихта еш уақытта, ешбір патша Әбу Нәсір әл-Фараби мен Әз -Заһир Бейбарыс сұлтанға мұндай қамқорлық жасаған емес. Міне, түркілік негіздегі қазақиялық бауырластық деген осы болса керек.
Ендігі міндет Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы бойынша Қазақстанның, Отырар Фараб өлкесінің Орталық Азия кеңістігіндегі рухани орнын дұрыс анықтап, осы арқылы Әбу Нәсір әл-Фарабидің және басқа да әл-Фарабилердің ұлттық, әлемдік ғылымдағы рөлін терең айқындап көрсету.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қырында» атап-атап жазған Ұлы дала елінің ерекше елшісіндей болған тұлғалардың асыл мұраларын жинап, сақтап, зерттеп-зерделеп жарыққа шығарып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін, танытатын бірден-бір ғылыми-ағарту, ғылыми-зерттеу, тарихи-мәдени мекеме-музей Отырардағы Руханият – Әбу Нәсір Әл-Фараби музейінің қорында жоғарыда аталған тұлғаларға қатысты көптеген мәдени құндылықтар сақтаулы. Солардың бір парасы Әбу Нәсір әл-Фарабидің Сирия Араб Республикасынан әкелінген трактаттары. Ұлы ғұлама ғалымның өшпес ғылыми еңбектерін алғаш рет музейге тапсырған қазақтың тұңғыш фарабитанушы ғалымы Ақжан Машанов болатын. Ол дүниелер ғалым 1968 жылы Сирия сапарында әкелген Египеттің «Ніл» баспасынан 1907 жылы шыққан Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» мен «Музыканың үлкен кітабы» трактаттары болатын. Бұл үрдісті кейін шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі бастаған Қазақстан делегациясы жалғастырды. 2006 жылы құрамында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, демеуші, «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ректоры Төлеген Қожамқұлов, Отырар ауданының әкімі, демеуші Әлімжан Құртаев, сол кездегі қоғамдық негіздегі Отырар руханияты ӘбуНәсір әл-Фараби музей-кітапханасының меңгерушісі Абдулла Жұмашев (қазіргі «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» МКҚК), «Хабар» агенттігінің журналистері бар. Қазақстан делегациясы Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған жері Отырардың бір уыс топырағын алып Дамаскіге барып, оны ұлы ойшылдың «Баб ас-Сағир» - «Кіші Қақпа» мазаратындағы қабіріне салып, гүл шоғы ретінде дерменесі мен жусанын қойып, қабір топырағын туған жерге жеткізіп, Арыстанбаб мазаратына салды. Сондай-ақ осы шаһарда жерленген Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс пен оның ұлы Сайд Заһирұлының кесене-кітапхана-мешіт-медресесіне барып зиярат етілді. Ал, 2008 жылы «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Қанат Тұяқбаев, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех, «Дара» ЖШС-нің президенті, рхитектор Алмас Жансүгіров және Абдулла Жұмашев Сирияда болып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Сирия Араб Республикасының Президенті Башар Асадтың келісімі бойынша қайта жаңғыртылып жатқан Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың кесене-кітапхана-мешіт-медресесінің құрылысымен және келісімге орай Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың басына салынатын этно-мәдени орталықтың құрылысын бастауға байланысты іс-шаралармен танысты.
Сирия сапарында Абдулла Жұмашев Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың бірталай трактаттарын және басқа да әдебиеттерді елге, музейге алып келді. Бұл кітаптарды оған Умайиа (Омея) мешітінің 80 жастан асқан бас имамы, Сирияның Уқыф министрі Заийаад-Дин әл-Аййуби, Жоғары білім министрі Гийяс Баракат пен Дамаск университетінің ректоры Уайл Муалла мырзалар өз қабылдауларында сыйлап тапсырды және өзі кітапханадан, кітап дүкендерінен сатып алған сол кітаптардың қысқаша каталогтік тізімі мынау:
1. Әбу Нәсір әл Фараби. Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат. Мысыр. «Ас-Саһидат» баспасы, 1325\1907.
2. «Китаб ал-алфаз ал-мүстаъмилат фи ал-мантиқ» -Логикада пайдаланған сөздер туралы кітап. Автор: Әбу Нәсір әл-Фараби. Бейрут,«Даар ал- Машриқ» баспасы.1991 ж. 31 шілде.
3. «Ал-Мантиқ ийнда ал-Фараби» - Ал-Фарабидің логикасы. Авторы: Доктор Мажид Фахри. 1987 ж. Бейрут,«Даар ал- Машриқ» баспасы.
4. «Тафсир ал-Жалалаийн» - Екі ұлы имамның тафсирі. Автор: Жалалиддин Мұхаммед ибн Ахмад ал-Махалии және Шайх ал-Матабахар Жалолиддин Абдурахман ибн Абу Бакр ас-Сиюти. Бейрут, «Даар ал- Машриқ» баспасы.
5. Әл-Мантиқ аинда әл-Фараби - Әл-Фарабидің логикасы. Құрастырған: Мәжид Фахри. Бейрут,«Даар ал- Машриқ» баспасы. 1981 ж.
6. Таалиқ Ибн Баджжат ала-Мантиқ - Әл-Фарабидің логикасына Ибн Баджжаттың түсіндірмелері. Құрастырған: Маажид Фахри.
7. Әл-Мантиқ аинда әл-Фараби - Әл-Фарабидің логикасы. ІІІ бөлім. Құрастырған: Рафиқ әл-Ажам. Бейрут, «Даар ал- Машриқ» баспасы. 1986 ж.
8. Ара аһалу ал-Мадинати әл-Фаадилати – Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат. Құрастырған: Ал-Бир Насри Наадир. Бейрут,«Даар ал- Машриқ» баспасы. 2002 ж.
9. Саясат жайындағы рисала. Әбу Нәсір әл-Фараби. Дамаск, 2006 ж.
10. Ізгі қала тұрғындарының пікірлері. Әбу Нәсір әл-Фараби. Бейрут, 1986 ж.
11. Әл – Кенди және Әл-Фараби (Жаңа көзқарас). Құрастырған: Доктор Халид Харби. «Маншату Әл-Мағариф» баспаханасы. Мысыр, 2003 ж.
12. Ислам философиясындағы адам туралы көзқарас. ( Әл-Фараби еңбектерінен қысқартып алынған). Құрастырған: Ибраһим Ғати. Мысыр, 1994 ж.
13. Әбу Нәсір әл-Фарабидің логика ғылымында қолданылған терминдер кітабы. Құрастырған: Мұхсин Маһди. Бейрут, 1986 ж.
14. Фалсафату ал-лұға - Әбу Нәсір әл-Фарабидің тіл философиясы. Құрастырған: Ғатиф Әл-Ғираки. «Құба» баспаханасы. Мысыр, 1997 ж.
15. Фарух Саад. Әл-Фараби және ізгі қалалар. «Даар-Аш-Шурух» баспаханасы. 1982 ж.
16. Доктор Мұхаммад әл-Бахи. Әл-Фараби. І басылым. Мысыр, 1981 ж.
17. Ахмет Шамсуддин. Әбу Нәсір әл-Фарабидің өмірбаяны, еңбектері, философиясы. «Мактабату ғылымша» баспаханасы. Бейрут, 1990 ж.
18. Әл Хури Илиас Фарах. Араб философтары. Әл-Фараби. Әл-Мурсалин әл-Лубнанин (Ливан). 1937 ж.
19. Доктор Жирар Жиһами. Әл-Кенди және әл-Фараби терминдерінің энциклопедиясы. 1-басылым. «Лубнан» баспаханасы. 2002 ж.
Осы сапарда Сирия Араб Республикасының екінші қаласы Халабтан Әз-Заһир Бейбарыс сұлтан туралы «Теңіз мамлюктері» деген кітап әкелінді.
Музейдің ендігі негізгі міндеті Тұңғыш Президентіміз -Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай Отырар өркениетінің дәуірлеу кезінде өмірге келіп, қазақ ғылымын әлемдік ғылымның энциклопедиялық бастауы еткен әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама ғалым, жерлесіміз ӘбуНәсір әл-Фарабидің музей қорындағы, әлемнің түпкір-түпкіріндегі трактаттарын ғылыми-жинастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми-аударма, ғылыми-баспа жұмыстары бойынша ана тілімізге аударып, ұлт игілігіне айналдыру. Сондай-ақ осы жұмыстарды өз дәрежесінде атқару үшін Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған жері Отырардағы ескі жайға орналасқан ғалымның музейіне жаңа заманауи музейлік құрылғылармен жабдықталған ғимарат салу. Өйткені, әлемдік ғылымның Әбу Нәсір әл-Фараби жасаған энциклопедиялық бастаулары қазақ жерінде, Ұлы далада, осынау кең-байтақ өлкеде пайда болған.
Алмас Жұмашев,
«Руханият -Әбу Нәсір әл-Фараби
музейі» МКҚК-ның директоры.

Back to Top