Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ОТАНДАСТАР ОТЫРАРҒА АТ БАСЫН БҰРДЫ

Адам баласының бойына ең қажетті мейірімділік пен сүйіспеншілік, өзара сыйластық пен кеңпейілділік және тағы да басқа құндылықтарды топтастыратын маңызды қасиеттің бірі – бауырмалдық. Бұл қасиеттің әсіресе, асыл дініміздегі орны өте ерекше. Ел тарихындағы сонау қиын-қыстау кезеңдерде ел асып, жер асып кеткен қандастарымыз, бауырлас отандастарымыз қаншама. Мемлекетіміз егемендігін алып, еңсесін тіктегелі шет елдердегі отандастарымыз атажұртын аңсап, туған елге, атамекенге жетуді аңсайды. Өткенімізді түгендеп, бір-біріміздің туыс, бауыр екенімізді ұмытпай достық, татулықты болашақ ұрпаққа өнеге ету бүгінгінің парызы.
Осыған орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру аясында «Отандастар қоры» ұйымының Түркістан облысында «Туған жерге тағзым» іс-шарасы өткізілмек. Бүгін аталған шараға шекара асып келген қонақтар ауданымызға арнайы келіп, бабтардың бабы – Арыстанбаб бабамыздың кесенесіне зиярат етті.
Ел арасында «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ұлағатты сөз бар. Арыстанбаб бабамыз мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған. Ата-бабамыздан қалған осынау қағиданы бұзбай Арыстанбаб жатқан киелі мекенге келген меймандарды аудан әкім Ерлан Айтаханов күтіп алып, қазақ өркениетінің алтын діңгегіне айналған Отырардың терең тарихын кеңінен әңгімелеп берді.
Арыстан баба кесенесіне барып баба рухына тағзым еткен қонақтар елдің бірлігін, халықтың амандығын тілеп, Құран оқыды. Мұнан соң Англия, Венгрия, Франция, Монғолия, Қытай, Ресей, Қырғыстан, Өзбекстан, Түркіменстан және тағы да басқа елдерден ат арылтып келген отандастарымыз «Фараб» дәмханасында Отырардың дәмі тіл үйіретін қауын қағы мен қауынқұртынан, шұбаты мен тары-талқанынан, құрты пен сары май секілді табиғи өнімдерден дәм татты. Дастархан басында аудан өнерпаздары дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындап, әннің құдіретімен көңіл-күйлері көтеріліп билеп те алды.
Қандас бауырларға шынайы тілегін айтқан аудан басшысы қай елде жүрсе де қазақ тарихын ұмытпай, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, туған жеріміздің дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Меймандардың әрқайсысына жерлесіміз, әлем ақыны Мұхтар Шахановтың жыр жинақтары шыққан кітап пен жергілікті қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарды тарту етті.
Аудан әкімінің қазақ халқына тән мінезбен қонақжайлылық танытып, дархан даламыздың кеңдігіндей пейілін көрсеткеніне шынайы ризашылықтарын айтқан қонақтар Түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістан қаласына аттанып кетті.

Back to Top