Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

АУДАНДА БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

Бүгін ауданымызда бокстан жасөспірімдер арасында Төлеген Омаровты еске алуға арналған ІХ республикалық турнир өтті. «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен өткен турнир Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналды.
Турнирдің ашылу салатанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйлеп, жас былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тіледі.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұлт саулығын қамтамасыз етуде бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын айтып, үнемі халықты спортпен шұғылдануға шақырып келеді. Осы орайда ауданымызда көптеген спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі бүгінгі Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеген Омаровты еске алуға арналған турнир. Қазіргі таңда қазақ боксының дамуы үлкен қарқын алып, былғары қолғап шеберлеріміз барша халқымызды өз жеңістерімен қуантып жүр. Кейінгі буын жастар біз сендерге зор сенім артамыз. Боксшының басты мақсаты – Олимпиада ойындарын бағындыру болса, бүгінгі турнирге қатысушы былғары қолғап шеберлеріне сол биікті бағындыруға күш-жігер, талмас қанат, баянды бақ пен тек сәттілік тілеймін»,- дей келе, намысты да жігерлі жас спортшылардың ертеңіне зор сенім артатынын жеткізді.
Сөз барысында Төлеген ағамыздың қызы Бақыткүл Омарова мен С.Құртаев атындағы жалпы орта мектебінің ди⁠ректоры Райхан Құртаевалар да өздерінің құттықтау тілектерін айтып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Мұнан соң турнир басталып, жас боксшылар шаршы алаңда өздерінің шеберліктерін сынады.
Айта кету керек төрт күнге созылатын турнирге еліміздің Алматы, Тараз, Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы аудандардан 140-қа жуық балғын боксшылар қатысуда. Сайыс соңында жеңімпаздарға арнайы медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталатын болады.

Back to Top