Қазақша Русский

ОТЫРАРЛЫҚТАР ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ҚОЛДАЙДЫ

Бүгін ауданымызда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау мақсатында идеологиялық активтің мәжілісі өтті. Аудан әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен жиында Жолдауға байланысты баяндама оқылып, пікірлер тыңдалды. Алдымен білім саласы өкілдерінің атынан Жамбыл атындағы мектеп-лицейі директорының орынбасары Жанна Жолдас баяндама жасап, дәстүрлі Жолдауда айтылған білім сапасын көтеруге байланысты мәселелерге тоқталды. Ұлағатты ұстаз өз сөзінде: «Мағжан ақын айтқандай, Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі болатын күн де алыс емес деген ойдамыз. Ол үшін келер жылы қабылдануы жоспарланған «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасының мұғалім құқын толыққанды қорғайтындай болып жасалуына қоғам болып атсалысуымыз керек деп ойлаймын» деп, Елбасы Жолдауын педагогтар қауымы қызу қолдайтындығын айтты. Келелі кеңесте өздерінің тұщымды ойларын ортаға салған аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Мырзахмет Темірбеков пен Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Әділханов Жолдауда халықтың тұрмысының түзеліп, табысының еселенуіне ықпал ететін тұстарын айрықша атап өтіп, келер жылды «Жастар жылы» деп аталатынын зор ықыласпен қабыл алғандығын баян етті. Жиында аудан басшысы Ерлан Қуанышұлы қорытынды баяндама жасап, стратегиялық құжаттың 6 басымдығына айрықша тоқталды. Баяндама барысында Ұлт Көшбасшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты жаңа Жолдау елдің тұрмысын түзеу, табысын еселеу, кәсібін ұлғайтып, әлеуметтің әлеуетінің артуына зор ықпал жасайтындығын жеткізді. Сонымен қатар, аудан әкімі «Тәуелсіз Қазақстанымыздың терезесін жаңа әлемдегі дамыған елдерімен тең ету – бәріміздің де ең басты борышымыз. Елбасының әр Жолдауының тарихи миссиясы – Қазақстанымызды табысты да өркениетті, халқының тұрмысы жоғары, табысы мол қуатты елге айналдыру мақсатынан туындайды» деп, ынтымағы ырысты, бірлігі бекем отырарлықтарды игі іске біркісідей атсалысуға шақырды. Халықтың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдау аудан тұрғындары тарапынан қызу қолдау тауып, туындаған міндеттерді бағдарлы болашақ жолында біркісідей атқаратындықтарын жеткізді.

Back to Top