Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРЫМ

Бүгін әлем халықтары қарттарына көңіл бөліп құттықтауда. Өйткені, 1 қазан - Халықаралық қарттар күні болып белгіленген. Осы мерекелі күнге орай аудан әкімі Ерлан Айтаханов ауданымыздағы Жеңістің соңғы сарбаздарын және өмір бойы соғыстан қайтпаған күйеуіне адалдық танытып, одан қалған жалғыз ұлды жеткізіп, бүгіндері сол ұлынан немере-шөбере сүйіп отырған пәк ананы құттықтауға арнайы атбасын бұрды.
Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан бейбіт күнде Ұлы Жеңісті жақындатқан жеңіс сарбаздарын сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз!
Ұлы Отан соғысы ардагерлері Сейдахан Дәуренбеков, Тұрғанбай Сәбитов, Несіпбай Нақыпов пен пәк ана Хадиша Бекқұлиеваның шаңырағында болып, Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Аудан басшысы ардагер ақсақалдардың иықтарына зерлі шапан жапса, пәк анаға қамзол кигізіп, орамал жапты. Сондай-ақ, жеміс-жидек пен көгеніске толы үлкен корзиналарды қоса табыстады.
Жауынгер ардагерлермен емен-жақын отырып әңгімелескен аудан әкімі Ерлан Айтаханов: «Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін шайқастардағы теңдессіз ерліктеріңіз бен табандылықтарыңыз ғасырлар бойы жасай береді. Өйткені, Сіздер кейінгі ұрпақтың жарқын болашағын қорғап қалу арқылы өздеріңіздің азаматтық және ұлт алдындағы перзенттік парыздарыңызды абыроймен орындап шықтыңыздар. Сіздердің қайыспас қайсарлықтарыңыз бен Отанға шынайы берілген патриоттық сезімдеріңіз қазақстандық жас ұрпақтар үшін әркез үлкен өнеге болмақ.
Бүгінгідей айтулы мереке күні өздеріңізге зор денсаулық, жарасты көңіл - күй, баянды бақыт, отбасыларыңызға береке - бірлік тілеймін» – деді.
Мереке қарсаңында көңілдері көтеріліп, жарқын әңгімелескен ардагерлер аудан басшысының ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.

Back to Top