Открыть меню Поиск
СМИ о нас
Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района


ШАХАНОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮЙІ

Сан қырлы талант иесі, жерлесіміз, ақын Мұхтар Шахановтың 2- шілде туған күні. Шығармалары дүниежүзінің жүзден аса тілдеріне аударылған, әлемнің рухани – мәдени саласындағы ең беделді халықаралық ЮНЕСКО ұйымында екі мәрте қаралған, көтерген тақырыптарының ауқымы адамзаттың мәселесімен астасып жатқан әлем ақыны Мұхтар ағамыз қандай құрметке болсын лайық.
Ақынның кіндік қаны тамған Шілік ауылында екі қабатты әсем ғимарат бой көтерген болатын. Бұл ғимарат «Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйі» деп аталады. Шығармашылық үйінің ашылу салтанатына отырарлықтардан бөлек көптеген қонақтар келді.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр ашып, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ақын ағасына деген ыстық ықыласқа толы құттықтауын жеткізіп, иығына зерлі шапан жауып, сый-сияпатын тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыс көлемінде көптеген игі шаралар атқарылғанын атап өтті. Солардың бірі бүгін ашылып отырған, белгілі меценат Серікжан Сейітжановтың демеушілігімен бой көтерген шығармашылық үйі. Бұл орталық білім мен ғылымның, әдебиет пен өнердің ордасына айнала берсін!» - деген тілегін жеткізді.
Мұнан соң әлем ақыны сөз алып, өз өмірінен естеліктер айтып, жиналған көпшілікке, кәсіпкер С.Сейітжановқа алғысын білдірді. Ақынның талантына бас иетін өнерпаздар туған күн иесінің жаңа өлеңдерін жатқа оқып, әндерін әуелете шырқап, көпшіліктің көңіл – күйін бір көтеріп тастады.
М.Шаханов пен Е.Садыр алқызыл лентаны қиған соң жұртшылық шығармашылық үйімен танысты. Ерекше дизайнмен салынған үйдің іші де ерекше безендірілген. Ақынның балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі өмір жолы әр кездегі суреттермен, құжаттармен толықтырылған.
Шығармашылықпен айналысатын жұмыс кабинеттері, кітапхана, демалыс және қонақ қабылдайтын бөлмелер заман талабына сай жабдықталған. Қонақтар ақының «Отырар дастаны» шығармасы желісінде түсірілген анимациялық фильмді тамашалады.
Мәртебелі меймандар аулада тігілген киіз үйдегі дастарханнан дәм татып, ақынға зор денсаулық, шығармашылық табыс тіледі.

© 2017

Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района