Открыть меню Поиск
СМИ о нас
Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района


ҚАЗАҚ БОЛЫП ҚАЛДЫ МӘҢГІ ДОМБЫРА…

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Республикамызда тұңғыш рет шілденің алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленді. Осыған орай бүгін қазақтың жаны болып табылатын халықтық аспаптың құрметіне арналған айтулы мереке еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде.
«Домбыраның пернесінде ән ғажап, домбыраның шанағында зарлы азап. Қазақ болып қалды мәңгі домбыра, домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ» - деп жерлесіміз, ақын Серік Сейітман жырлаған қасиетті домбыра күні ауданымызда да ерекше салтанатпен аталып өтті. Табиғат аясында өткен мерекелік шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Ұлттық рухты көтеретін, сананы сілкіндіретін мұндай мереке бізге ауадай қажет. Домбыра - қазақ үшін тұтастай әлем, оның бүкіл өмірі. Халықта қазақтың жаны күмбірлеген домбыраның үнімен өмір сүреді деген сөз бар. Халқымыздың тарихымен тамырлас қасиетті домбыра күні мерекесі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысты сақтау секілді ұлы мұраттармен астасып жатыр. Адамдардың бәрінің бірдей музыкалық қабілеті бола бермейді. Ал қандай адам болсын музыканы сүйіп тыңдайды. Демек, музыка адамдардың рухани қорегі деуге болады. Қазіргі кезде домбыра - ұлттық тәрбие мен білімнің кілтіне айналып отыр. Ендеше осынау киелі үні бар, домбыра күнімен баршаңызды шын жүректтен құттықтаймын!»- деді.
Мұнан соң аудандық «Өнер» мектебінің өнерпаздары күмбірлеген күймен киелі домбыра үнін шарықтатса, мәдениет майталмандары халық әндерін нақышына келтіре орындап, шараға қатысушыларды бір серпілтіп алды.
Шара барысында Отырар әдебиеті және өнері бірлестігінің төрағасы Сағындық Қыдыр қоңыр үнді домбыраның арғы-бергі тарихы жайында келелі ой қозғап, қасиетті аспапты қадірлеген жастарға ақ батасын берді.

© 2017

Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района