Открыть меню Поиск
СМИ о нас
Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района


ТӨРТІНШІ БИЛІК ТӨРГЕ ШЫҚҚАН КҮН

Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қадірлі де құрметті! «Журналистің жегені - жантақ, арқалағаны - алтын» дейді жазушы Шерхан Мұртаза. Қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін осынау кәсіп иелерінің төл мерекесі бүгін ауданымызда ерекше аталып өтті.
Сәрсенбінің сәтті күнінде Оңтүстік өңіріне белгілі БАҚ өкілдері мен жергілікті газет қызметкерлері аудан әкімі Ерлан Айтахановтың қабылдауында болды. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелерін төл мерекелерімен құттықтаған аудан басшысы халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған төртінші билік өкілдеріне деген ізгі тілегін жеткізді.
Қаламгерлерді ашық пікірлесіп, етене жақын әңгімелесуге шақырған аудан әкімі: «Журналистер қоғамның қозғаушы күші. Нағыз қаламгер сын жазса да тек шындықты жазу керек. Кемшілікті түзеуге ықпал еткен сын ғана екі жаққа да пайдалы болмақ. Сондықтан Сіздердің төл мерекелеріңізде шығармашылық шабыт, шаңырақтарыңызға шаттық, журналистік қызметтеріңізде сәттілік тілеймін!»,-деді өз сөзінде.
Кездесуде Нұрлан Кенжеғұлов, Кеңес Исмаилов, Бауыржан Бердімұратов, Ғалымжан Елшібай, Әсет Әссанди, Балтабек Түйетай, Талғат Балтабаев сынды белгілі қаламгерлер мен жергілікті газеттің ардагер журналистері газет пен басқа да ақпарат таратушы құралдардың қоғамда алар орны жайында келелі ойларымен бөлісті.
Сонан соң аудан әкімі қоғамдық ойды қалыптастыруда жағымды жаңалықтардың жаршысы болуға өзіндік үлесін қосып жүрген бір топ журналистерді марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстады.
Мұнан соң мерекелік шараның қонақтары 84 жылдық тарихы бар аудандық «Отырар алқабы» газеті редакциясының жаңартылған ғимаратымен танысып, қаламдас әріптестерінің жұмыстарына сәттілік тіледі.
Одан әрі мереке Арыс өзені жағасындағы «Саяжай» демалыс орнындағы мерекелік дастарханда жалғасып, қонақтар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

© 2017

Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района