Қазақша Русский

«Электронды үкімет» мақсаты - жедел қызмет көрсету

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету «электрондық үкіметтің» веб-порталы (www.egov.kz) арқылы жүзеге асырылады.

Электронды үкімет - мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және оңтайландыруға негізделген, сондай-ақ, электрондық нысанда қызметтер көрсетуге арналған өздерінің арасындағы және жеке және заңды тұлғалармен ақпараттық өзара іс-қимыл жүйесі. Яғни, мемлекеттік қызметтерді алуда барынша автоматтандырылып, оңтайландырылған, қоғамның әрбір мүшесіне әлеуметтік коммуникация шығындарын төмендету мақсатында қызмет ететін электронды жүйе.

Электрондық үкіметтің веб-порталына тіркелу - электрондық үкіметтің веб-порталындағы «пайдаланушы кабинетін» ашу деген сөз.

«Пайдаланушы кабинет» - электрондық нысанда қызметтер көрсету мәселелері, өтініштерді қарайтын субъектілерге жеке және заңды тұлғалардың өтініш жасау, сондай-ақ, дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша көрсетілген тұлғалардың мемлекеттік органдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына арналған құрамдасы.

Бұл өз кезегінде, қазіргі заманның технологияның қарыштап дамыған, жаппай цифрландыруға бет бұру тұсында әрбір азаматқа өзіне берілген мүмкіндіктер аясын кеңейтуіне жол ашады.

Өз кезегінде, «Электронды үкімет» веб-порталына тіркеліп,электрондық қызметті алу үшін - әрбір азаматқа электрондық цифрлық қолтаңба қажет. «Электрондық цифрлық қолтаңба» (бұдан әрі-ЭЦҚ) дегеніміз - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы. Жалпы, қарапайым тілмен айтқанда, біздің күнделікті қағаз құжатқа қойып жүрген қолтаңбамыздың электронды түрі. ЭЦҚ-ның қағаз түріндегідей заңды күші бар, яғни, қағазға қойылған қолтаңбаңыз бен электронды цифрлы қолтаңбаңыздың заңды күші бірдей деген сөз.

Халыққа қызмет көрсету орталығынан куәландырыла отырып, ЭЦҚ-ны файлдық тасымалдағышта алған жағдайда, дербес компьютерге сақтауға болады. Сол арқылы, «Электронды үкімет» вебпорталына тіркеліп, жеке кәбинетте мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануға болады. Сонымен қатар, ЭЦҚ-ны ұялы сымтетікте сақтай отырып, электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасы арқылы онлайн қызметтерді алуға болады. Егерде ХҚКО баруды қажет ететін мемлекеттік қызметтерді алатын жағдайда, аталған мобильдік қосымша арқылы кезекке тұрып, кейін ХҚКО келіп, операторға кезек нөмірін көрсетуге болады.

Бұл - кезек күтпей, уақыт үнемдеудің тиімді жолы.

Яғни, ЭЦҚ арқылы қызмет алу өте тиімді. Ол үшін ешқандай арнайы білім, дағдылар талап етілмейді, ЭЦҚ мүмкіндіктеріне сүйене отырып, жеке немесе заңды тұлғалар мемлекеттік мекемелерден тиісті анықтамаларды ала алады.

Мысалы, дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру, балаңызды балабақшаға кезекке тұрғызу, бала тууды тіркеу, тұрғын үй көмегін дайындау, жұмыссыз азаматтарға анықтама беру, ветеринариялық анықтамалар беру, жылжымайтын мүлкіңіздің бары немесе жоқтығы туралы, мекенжай, салымшының зейнетақы аударымдары туралы, сотталған немесе сотталмаған туралы анықтамаларын, т.б қызметтерді алу үшін мемлекеттік органдарға немесе ХҚКО барып кезекте тұрмай-ақ, әр-бір азамат өз үйінде отырып интернет арқылы қызметтерді ала алады.

Электрондық цифрлы қолтаңбаны алудың 2 тәсілі бар:

1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамына бару арқылы өтінім беру: Мемлекеттік корпорацияға барып өтінім берген кезде қызмет алушы өзінің жеке басын куәландыратын құжаты мен ЭЦҚ-ны жазып алатын «Файлды сақтау құрылғысын» (флешка) алып барады. Ары қарай, сіздің орныңызға қажетті операцияларды Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері жасап береді.

2) Интернетпен Online өтінім жіберу арқылы ЭЦҚ-ның мүмкіндіктеріне сүйене отырып, өз үйінде отырып, интернет арқылы мемлекеттік қызметтерді ала алады.

Алайда, көптеген азаматтардың, оның ішінде егде жастағы, мүмкіндіктері шектеулі, жұмыссыз және басқа да азаматтардың ЭЦҚ алуда қиындықтар туындауда. Осының негізінде, қызмет алушылардың ЭЦҚ алу бойынша сауаттылығын және электронды түрде қызмет көрсету үлесін арттыру мақсатында ЭЦҚ-ны алу тәсілдері бойынша, оның ішінде ЭЦҚ-ны интернетпен Online өтінім жіберу арқылы алу үрдісін қадам-қадамымен көрсетілген түрдегі ақпаратты Департаменттің memkyzmet.kz сайтына және мобильдік қосымшасына орналас-тырылды.

Қазіргідей ақпараттың көп, ғаламтордың қарыштап дамыған кезінде осы шаруаларды үйіңізде отырып-ақ тындыру - уақытыңыз бен қаржыңызды үнемдеудің тиімді жолы.

Аудан әкімі аппараты ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ш.Жамалханов

Back to Top