Қазақша Русский

КИНО – РУХАНИЯТТЫҢ ЖАҢҒЫРУ КӨЗІ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен «Кино - руханияттың жаңғыру көзі» жобасы негізінде бүгін ауданымызда Оңтүстікте түсірілген кино-анимациялық фильмдер апталығының ашылу салтанаты өтті.
Кино апталығының ашылу салтанатын аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов ашып, ауданымызда өткен тарихты қайта жаңғыртудағы атқарылып жатқан қарқынды істерге тоқталып, «анимациялық фильмдер жас жеткіншектердің бойына ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетін сіңіруде үлес қосып, өзіндік дүниетанымын кеңейтуге, қалыптастыруға зор ықпал етеді»- деп ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар , «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков арнайы тапсырыспен жасалған анимациялық фильмдердің ерекшелігін атап өтіп, фильм дискілерін аудан әкімінің орынбасарына зор ықыласпен табыстады.
Шара барысында мектеп оқушылары мен аудан тұрғындары облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша дайындалған «Отырарды қорғау», «Күш атасы-Қажымұқан», «Киелі Қазғұрт» анимациялық фильмдері және отырарлық демеушілердің қолдауымен жасалынған «Көне құмыраның сыры» шығармасының негізінде түсірілген анимациялық фильмін тамашалады. Кеш соңында көрермендер алған әсерлерімен бөлісіп, анимациялық фильмдердің сәтті шыққандығына ризашылықтарын білдірді.
Көне Отырардың өр рухы мен шежірелі тарихы қазақ ұлты барда ешқашан өшпейтіндігіне, керісінше, сан қырынан түрленіп, ұрпақтан-ұрпаққа баға жетпес жәдігердей аманат болып қала беретіндігіне тағы бір мәрте көзіміз жеткендей болды.

Back to Top