Қазақша Русский

АУДАН ӘКІМІ БАЛТАКӨЛДІКТЕРГЕ ЕСЕП БЕРДІ

Аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудан тұрғындарына есеп беру жиынын Балтакөл ауыл округінен бастады.
Аудан орталығынан ең шалғай орналасқан Балтакөл ауылында да өткен жылы біршама игілікті істердің атқарылды.
Бұрын тары-талқанымен, балдай қауын-қарбызымен танымал балтакөлдік шаруалар каналдардың жөндеуден өтуіне байланысты ағын су мәселесі оң шешімін тауып, дихандар биылғы жылы бұрынғыдан да көп өнім алды.
Өткен жылдың өзінде ауылдан екі шағын тары талқан өңдеу цехының ашылуы ауылдағы шағын-бизнестің кең қанат жая бастағанын айқындайды.
Сондай-ақ, өткен жылы ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылға кірер қақпа ашылып, ветеринарлық пункт іске қосылып, ауыл тұрғындарының көңіліне қуаныш ұялатты.
Биылғы жыл да балтакөлдік ағайындар үшін берекелі жыл болмақ. Балтакөл, Үштам, Көлқұдық елді мекендерін ауыз су жүйесін күтіп ұстау және Балтакөл елді мекеніндегі М.Әжіқабылов көшесін орташа жөндеу, М.Көбеев көшесін абаттандыру жұмыстарының құрылысына қаржы бөлінбек. Ал, ауылдағы 200 орындық мәдениет үйі құрылысын жүргізу үшін ЖСҚ әзірлеуге қаржы қаралған.
Жиын барысында көпшілік тарапынан туындаған сауалдарға аудан әкімі нақты жауаптар берді.
Ауыл тұрғындарының өткен жылы атқарған жұмыстарына жақсы деген бағасын алған аудан басшысы балтакөлдіктерге ынтымақ пен бірлік бар жерде ғана берекелі тірлік болатындығын айтып, ыстық ықыластарына өз алғысын білдірді.

Back to Top