Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

БЕРЕКЕЛІ ЕҢБЕК МЕРЕКЕСІ

Аудан әкімі Ерлан Айтаханов азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін өткізуді және оны тек аудан орталығында ғана емес ауыл округтерінде де өткізу керектігін айтқан болатын.
Бүгін Көксарай ауыл округінде «Алтын күз-2017» ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге Аққұм, Көксарай, Маяқұм ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер және «Ордабасы құс» фермасы қатысып, өздерінің өндірген өнімдерін халыққа базар бағасынан 20 пайызға төмен бағада ұсынды.
Жәрмеңкеде халық сұранысына ие картоп, пияз, сәбіз, жұмыртқа қой еті, тауық еті, шұжық, қырыққабат, қызанақ, қияр және басқа да өнімдер делдалсыз төмен бағамен сатылды.
Мерекеге арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Салхутдинұлы жәрмеңкені аралап шаруашылықтардың өндірген өнімдерімен танысты. Мұнан соң «Алтын күз-2017» мерекесінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, ауылшаруашылығы саласында мол табысқа жеткен шаруалар мен еңбеккерлерге аудан басшысың алғысын жеткізді.
Салтанатты шарада Көксарай ауыл округінің әкімі Әбдірахман Мәуленқұл үздік ауылшаруашылығы еңбеккерлерін аудандық мәслихаттың мақтау қағаздары мен ауыл округі әкімінің алғыс хаттарымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Биыл көксарайлық дихандар мал шаруашылығы, түйе шаруашылығы, бау-бақша өнімдерін өндіруде үлкен жектістіктерге қол жеткізді. Ауыл округіндегі шаруақожалық төрағалары Қуандық Шалқар, Атабекова Кенжегүл, Раушан Сейдалиева, Нүркен Есмырзаев, Нұрлан Нұрашовтар бау-бақша өнімдерін дамытуға өз үлестерін қосса, «АгроНұр-Азия» ЖШС төрағасы Саттарқұлов Қайрат түйе шаруашылығында мол табысқа кенелген. Ал, Кәдірберді Жексенбай ауылдағы «Үздік мал өсіруші» атанды.
Мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, ауыл өнерпаздары жиналған қауымға ән-билерін тарту етті. Шара барысында мектеп оқушылары арасында ұлттық спорт Қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылып, бозкілемде жас балуандар бақ сынады. Көпшіліктің назарын өзіне бұрған тартысты сайыс жеңімпаздары марапатталып, сыйлықтар табысталды.

Back to Top