Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

АЙТЫС АҚТЫҚ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Айтысқа түскен алты жұп ақыннан ақырғы айналымға төртеуі өтті. Қарағандылық Дидар Қамиев пен батысқазақстандық Бауыржан Шимерденов, екінші жұпта өнер көрсеткен қызылордалық Мөлдір Айтбай мен оңтүстікқазақстандық Қажымұхан Абзаловтар ақын апаларының құрметіне арналған айтысқа тыңғылықты дайындықпен келгендерін байқатты.
Өлең құдіретінің құпиясы мен құт ұясын қанында, қаламында ойнатқан, шалқар шабыт иесінің есімін арқалаған аймақтық ақындар айтысы биік дәрежеде өтіп, тыңдармандарын риза етті. Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова бастаған қазылар алқасы бас жүлдеге қарағандылық Дидар Қамиевті лайықты деп тапты. Ал, бірінші орынды батысқазақстандық Бауыржан Шимерденов, аудан әкімінің арнайы жүлдесін Қажымұхан Абзалов, екінші орынды сарыағаштық Нұрғали Әнәпия, үшінші орынды отырарлық Дәурен Полатбаев иеленді.
«Нұр Отан» партиясының ОҚО бойынша филиалының арнайы жүлдесі қызылордалық Мөлдір Айтбайға бұйырса, облыстық мәдениет басқармасының сыйлығын қарағандылық Ботакөз Мұхиддин, Отырар мемлекеттік археологиялық-қорық музейінің алғыс хаты мен арнайы сертификатын жамбылдық Нұрлыбек Құрмановтар қанжығаларына байлады. Қалған айтыскерлер де марапат пен сыйлықтан кенде болған жоқ.
Ақын тойына куә болған көпшілік өздеріне рухани азық сыйлаған жыр додасы келесі жылы да өз жалғасын тапса екен деген тілекпен тарасып жатты.

Back to Top