Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

"AGROFEST-2017" ауылшаруашылығы фестивалі өтті

Бүгін облыс орталығы Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «AGROFEST-2017» ауыл шаруашылығы фестивалі өтіп, оған ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, халық қалаулылары мен сала мамандары қатысты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған фестиваль қонақтары алдымен ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін айшықтайтын көрмемен танысты. Көрмеде көпшіліктің назарына ауыл шаруашылығы өнімдері мен озық техникалары, асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлері ұсынылды.

Ал, мерекеге орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде облысымыздың барлық аудандарынан жиналған шаруалар табиғи таза өнімдерін нарықтағы арзан бағамен көпшілікке сатылды. Жәрмеңкеге арнайы қатысқан Отырар ауданынан барған шаруалардың бақша, ет өнімдері мен түйе сүтіне деген сұраныс көп болды.

Мерекелік шарада сөз алған облыс басшысы биыл оңтүстік шаруалары мемлекеттік қолдау мен тынымсыз еңбектің арқасында күзгі егіс науқанын жақсы көрсеткіштермен аяқтағандығын, егіс көлемі артып, мал басы көбейгендігін, ұсақ шаруаларды кооперативтерге біріктіру жұмысы мен озық техникаларды қолдану бойынша облысымыз республика бойынша көш бастап тұрғандығын тілге тиек етті. Мұнан соң облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығы саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жыл бойына үздіксіз еңбек етіп, үлкен табыстарға қол жеткізген шаруалар мен аудандарды арнайы сертификаттармен марапаттады.

Фестивалде отырарлықтар «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша бірінші орын, жүгері өсіруден екінші орын алып ауданымыздың мерейін асырса, жеке шаруақожалықтар бойынша «Үсенов - Н» шаруа қожалығының мал шаруашылығын жоспарлау жетекшісі Өскенбай Үсенов «Озат түйеші» атанды.

Фестиваль барысында орталық атшабарда қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі сынды ұлттық спортымыздың он екі түрінен сайыс өтті. Сайыста үздік өнер көрсеткен спортшыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Мереке аясында 16 киіз үй тігіліп, фестиваль қонақтарына арнап, ұлттық тағамдар мен сусындар қойылған дастархан жайылды. Мерекелік шара соңы облыстық өнер жұлдыздарының гала концертіне ұласты.

Back to Top