Қазақша Русский

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰРЫСОВТАЙ ТҰЛҒАСЫ БАР

Бүгін Оңтүстік жұртшылығы қазақтың біртуар жазушысы, драматург, тарихшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркінбек Тұрысовтың торқалы тоқсан жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті.
Облыс орталығындағы өткен шараға аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов бастаған делегацияда Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдос Құлмаханов т.б. қатысып, аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен отырарлықтардың ыстық ықыласқа толы сәлемін жеткізді.
Мерейтой иесіне Отырар ауданының атынан иығына шапан жауып, тылсым тарихтан сыр шерткен «Көне Отырар базары» атты туындыны табыстады.
Қалың оқырмандарына «Келіншектау», «Ақбақай», «Қыран тауы», «Құралай жолы», «Түндер сазы», «Тұлпардың ізі», «Нұржаудың нұрлы түндері», «Темірлан», «Бәйдібек» атты тарихи, көркем туындылармен етене таныс тау тұлғалы жазушымыздың мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, құт-береке тілейміз!

Back to Top