Қазақша Русский

ШӘМШІСІН ОРТАҒА АЛСЫН ШӘУІЛДІРІ

Бүгін жерлесіміз, Қалдаяқтың перзентінен Отырардың баласына, Отырардың құшағынан шығып, алты Алаштың ұлына айналған даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Көзі тірісінде туған күні дұрыс тойланбаған Мұқағали Мақатаев «Бүгін менің туған күнім, ой-пәлі-ай, Мына жұртым неге жатыр тойламай?» деп мұң шақса, қайран Шәкеңнің де бұл фәнидегі жағдайы Мұқаңдікінен алшақ емес еді. Таланттыларын бақилыққа аттанған соң бағалайтын біздің жақсы «дәстүріміз» бар. Бұл күндері Мұқаң да, Шәкең де құрметтен кенде емес. Қазақтың рухани өмірінде 9-ақпан және 15-тамыз берік орын алған. Өйткені, бұл даталар қос дарынның туған күндері.

Елге аян бірлігі мен бауырлығы,

Сыйғандай аймағына дәуір гүлі.

Тойына тәтті өлеңнен шашу шашып,

Шәмшісін ортаға алсын Шәуілдірі,- демекші аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары «Ән аға-Шәмші аға» атты сазды ән кешін ұйымдастырды. Алпыс жыл қазақтың баласы мен даласын әнге тербеген көрнекті композиторға арналған ән кешінде аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйледі.

-Мемлекеттік гимн авторларының бірі Шәмші Қалдаяқов тек Отырардың ғана емес, бүкіл қазақтың мақтанышы. Біздің ата-аналарымыз Шәмші әндерімен өссе, бүгінгі жас ұрпақ та Шәкеңнің әндерінен нәр алып келеді. Бүгінгі ән кеші құтты болсын, отырарлықтар!,- деді аудан басшысы.

Ш.Қалдаяқов Қазақстанның барлық аймақтарына дерлік ән арнаған. Ал, туған жеріне екі әнді «Шалқыған Шәуілдір», «Отырардағы той» арнапты. Бұл әндер О.Рахматуллаев, А.Нұртаза, Г.Сармырзаевалардың орындауында Шәуілдір аспанын жаңғыртып тұрды.

Сейіліп бір сәт көңілде мұңым,

Тұрғандай күліп көгімде күнім.

Патшалық құрып әндерің жатыр,

Өзіңнің туған еліңде бүгін,- деп ақындар жырлағандай Шәмші әндері өзінің туған күнінде патшалық құрған күн болды.

Back to Top