Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ӘН КЕШІ ШӘМШІ РУХЫНА АРНАЛАДЫ

Бүгін аудандық мәдениет сарайында Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың «Шәмші рухына тағзым» атты ән кеші болып өтті. Қазақтың ән өнеріне өлшеусіз үлес қосып, қоңыр да мөлдір даусымен халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Нұрғали аға да 80 жасқа толыпты.

Өзінің гастрольдік сапарын қазақ тарихының алтын діңгегі саналатын қасиетті Отырар жерінен бастаған бұлбұл әнші көпшілікке ән падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың және өзінің консерваторияда бірге оқыған досы, жерлесіміз Мыңжасар Маңғытаевтың әндерін нақышына келтіріп орындап, ретро әндерді сағынған отырарлық ағайындарға тамаша тарту жасады.

Ән кешінде сөз алған Халық ақыны «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова Нұрғали ағаға арнау арнап, жырдан шашу шашса, белгілі сатирик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Көпен Әмірбек Н.Нүсіпжановқа өзінің ізгі тілегін білдіріп, иығына зерлі шапан жапты. Әрбір әннің тарихына тоқталып, тыңдарманмен ашық-жарқын дидарласқан әншіге көрермендердің қошеметі мен ілтипаты ерекше болды.

Отырарлық ағайындардың атынан Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановқа алғыс сезімін білдірген аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов отырарлықтардың атынан сыршыл әншінің иығына оқалы шапан жауып, астына ат мінгізіп, үлкен құрмет көрсетті.

Back to Top