Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

Бүгін ауданымыздағы барлық білім ордаларында мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау іс-шарасы салтанатты жағдайда аталып өтті. Солардың бірі білім ұяларының қара шаңырағы саналатын Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде өткен «Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты мектеп түлектерінің үлкен дайындықпен өткізген мектеппен қоштасу іс-шарасы. Елбасымыз «Тәуелсіз Қазақстанның болашағы білімді ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деп бекер айтпағандығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Салтанатты шарада сөз алған Жамбыл атындағы мектеп-лицейдің директоры Талғат Сәрсенбаев 80 жылдық тарихы бар білім шаңырағының 2016-2017 оқу жылындағы табыстары мен жетістіктеріне тоқталып, осы оқу жылында түлеп ұшқалы тұрған 61 түлекке сәттілік тіледі.

Мектеп түлектері мен ұстаздар қауымын соңғы қоңырау іс-шарасымен шын жүректен құттықтап, ізгі ниетін білдірген аудан әкімі Ерлан Айтаханов мектеппен қоштасу балалықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басу екендігін ерекше атап өтіп, бітіруші түлектерге шын көңілден ақжол тілесе, ардагер ұстаз Абдулла Ордабаев түлектерге сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Мектеп оқушыларының ән-күйімен, мың бұралған биімен әрленген шарада 11-сынып оқушылары еліміздің қасиетті көгілдір туын 10-сынып оқушыларына салтанатты жағдайда табыстады. Ал, соңғы қоңырау соғу құрметі мектептің 1-сынып оқушысы Ғалымқызы Айша мен 11-сыныптың үздік оқушысы «Алтын белгіге» үміткер Бектұрсын Аружанға бұйырды.

Салтанатты шараның соңында мектеп бітіруші түлектер аудан әкімімен естелікке суретке түсті.

Back to Top