Қазақша Русский

АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Табиғаттың тылсым күші өзінің тосын мінезімен адамдарды таң қалдырып келеді. Отырарлықтар басынан өткен осы бір табиғи құбылыстың алдын алып, сақтық шараларын жүйелі жүргізуде.

Бүгін көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысу мақсатында ауданымызға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев келді. Комитет төрағасымен бірге аудан әкімі Ерлан Айтаханов бастаған бір топ су мамандары Сарыкөл, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауылдарында болып, ондағы сақтық шараларының жұмысын көріп қайтты. Топ мүшелері аралауды алдымен Сарыкөл елдімекенінен бастады. Мұнда сақтық шаралары күшейтіліп, қызыл су деңгейі күндіз-түні бақылауда тұр. Төтенше жағдайлар, Полиция, ауыл әкімшілігі қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке тұрып, жол қауіпсіздігін қадағалап отыр.

Одан әрі Көксарай ауылында да дамбыларды көтеруге арнайы техникалар жұмылдырылып, "Маяқұм", "Есіркеп" каналдарының бастауындағы тоғандардың беріктігін күшейту жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, Балтакөл ауылындағы Ақкөл елдімекені маңында да осындай жұмыстар жүргізілуде.

Жұмыс сапарын Балтакөл ауылынан қорытындылаған комитет төрағасы аудандағы тасқын судың алдын алу жұмыстарына көңілі толатынын, сонымен қатар қызылсудың беті қайтқанша сақтық шаралары жүргізіліп отырылуы керектігін айтты.

Аудан басшысы Ерлан Айтаханов отырарлықтардың бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, қауіптің алдын алу үшін арнайы техникалармен қамтамасыз еткен комитет төрағасына алғысын айтып, тұрғындардың қауіпсіздігі жіті бақылауда болатынын жеткізді.

Back to Top