Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

КЕЗЕКТІ АППАРАТ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Бүгін аудан әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өткізілді. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Исмайлов аудандағы көшет отырғызу, тал егу жұмыстарына тоқталып, биыл жалпы алғанда 53 мыңнан аса көшеттер отырғызылғанын жеткізді. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі көгалдандыру мәселесі тек қана ағаштарды егуден тұрмайтынын, егілген әрбір ағаштың көктеп, көгеруіне мән беріп, қоршау, суландыру мәселесіне назар аударуды ескертті. Бұл жұмыстардың орындалуын апта соңында өзі аралап тексеретіндігін де тілге тиек етті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мінберге көтерілген аудандық жер қатынастары және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Б.Сыздық «қызыл суды» тиімді пайдалану мен көктемгі дала жұмыстарының барысын хабарлады. Аудан әкімі көктемгі жер айдау, оны суару және дақылдарды мерзімінде егуді ұйымдастыруға ауыл әкімдерімен бірге бөлім басшысының да жеке жауапты екенін ескертті. Аудан әкімінің бастамасымен жыл басында ауыл округтері бойынша жеке-жеке пайдаланылмай бос жатқан жерлерге инвентаризация жұмыстарын жүргізу барысында анықталған жерлерді айналымға қосып, нәтижесінде жер игеруді жоспарда белгіленген межеден артық орындауға жұмыс жасауды тапсырды.

Сондай-ақ, былтыр әбігерге салған тері лейшманиозының алдын-алу шараларына «Шымкент-Дезинфекция» мекемесі басшысының орынбасары С.Сапарова арнайы тоқталды. Залалсыздандыру жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталады. Сырдың арғы бетіндегі төрт ауыл округіне қарасты 12 елдімекендерде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін төрт бригада құрылу қажеттігін айтып, аудан әкімдігінен көмек сұрады. Өз кезегінде аудан әкімі бұл іске жан-жақты жәрдем берілетінін жеткізіп, аудан әкімінің орынбасары, халық денсаулығын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Р.Әлішке қажетті шараларды ұйымдастырып, атқарылған жұмыстар туралы күнделікті мәлімет ұсынып отыруды қадап айтты.

Төртінші мәселе бойынша Шәуілдір ауыл округінің әкімі Ғ.Қыдыр аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың сырт келбеттерін ретке келтіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.

Жібек жолы даңғылы бойындағы Шілік, Темір, Шәуілдір, Талапты, Қоғам ауыл округтерінің әкімдеріне тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың сырт келбеттерін ретке келтіру жұмыстарын апта аяғына дейін толық бітіруді тапсырды.

Back to Top