Қазақша Русский

САРА ТЫНЫШТЫҒҰЛОВА ОТЫРАРДА

Бүгін ауданымызда Қазақстан Республикасының халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сара Тыныштығұлованың «Менің Қазақстаным» атты шығармашылық концерті болып өтті. Биыл Сара Тыныштығұлова 75 жасқа толып отыр. Осыған орай елге шығармашылық концерт беруді жоспарлап, міне бүгін ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың кіндік қаны тамған киелі Отырар жерінен бастауды жөн санаған Сара Өрдембайқызымен бірге Мұсан Момбаев, Болат Үсентаев сынды әншілер де өз өнерлерін отырарлықтарға паш етті.

Қазақтың әндерін асқақтата білген әнші өз репертуарындағы әндердің тарихына жеке-жеке тоқталып өтті.

Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов Сара апамызды мерейлі 75 жасымен құттықтап, «Бүгін Сара апамыз ауданымызға арнайы келіп, ортамыз толып, сағындырған әндерін тыңдап керемет кештің куәсі болып отырмыз. Қазақ композиторларының әндеріне нәр берген, керемет даусымен әннің ары қарай дамуына үлес қосып, халық әндерін насихаттаған Сара апамыздың еңбегі бүгінде өз жемісін берді деп ойлаймын. Сізге ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілеймін» - дей келе аудан әкімі мен отырарлықтар атынан «Ықылас гүлімен» жергілікті қолөнершілеріміздің қолдарынан шыққан ұлттық камзол мен орамал тарту етті.

Back to Top