Қазақша Русский

АШУЫ ҚАТТЫ АРЫС

Сырдария сыр мінез, ал, Арыстың ашуы қатты деген бабаларымыздан қалған сөз бар. Халық айтса, қалт айтпайды дегенге көзіміз жетіп отыр. Бүгін аудан әкімі Ерлан Айтаханов Арыс өзенінің арнасынан асып, жайылып жатқан «қызыл суды» аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Әуелі өзеннің сол жағалауынан асып шыққан су Дүлейсайды толтырып, Шытты мен Сарыкөл елдімекендерінің аумағына жеткен. Осы жерде ауыл тұрғындары мен еріктілер дамба көтеріп, оны топырақ толтырылған қаптармен бекітіп жатты. «Заречное» кәсіпорны салған тас жолды «қызыл су» бұзып өтіп, ен далаға жайылып жатыр. Елдімекендерге қауіпі жоқ мол су ертеңгі жайылым мен шабындық малға азық болары сөзсіз.

Осыдан кейін аудан басшысы Шәмші ауылын бетке алып, ондағы жағдайды көзбен көрді. Осы ауылдың төменгі жағындағы «Бесалқа» тұсынан шыққан су Шәуілдір-Арыс жолының екі қапталына бірдей жайылған. Темір ауылына бет алған «қызыл су» темірліктерге көмекке келген Шәуілдір, Қоғам, Қарғалы ауылдарынан келген еріктілердің күшімен дамба қосымша бекітілген. Осындай ауқымды жұмыс отырарлықтардың ынтымағы мен бірлігі арқасында атқарылды. Уақытпен санаспай дамба басында жүрген кісілерге арнап тігілген киіз үйде мал сойылып, құран оқылды.

Отырар ауданына арнайы келген облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Батырғали Сопбеков бастаған мамандар атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын берді. Былтырғы дауыл кезінде зардап шеккен үйлерге бір кісінің баласындай жәрдемге барған отырарлықтар, биыл да ұйымшылдықтың, елдіктің ерен үлгісін көрсетуде.

Түстен кейін аудан әкімі Ерлан Айтаханов шаруашлықта жемісті қызмет атқарған тәжірибелі қарияларды жинап «қызыл суды» қалай пайдалану жөнінде пікірлесіп, жиын өткізді. Жиында осы мол суды тиімді пайдаланып, егістік алқаптар мен шабындық, жайылымдық жерлерді суарып алу керек деген ұйғарымға келді.

Back to Top