Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

«КҮЛКІ КҮНІНДЕГІ» КҮЛКІ МЕРЕКЕСІ

Бүгін ауданымызда 1 сәуір – күлкі күніне орай жалынды жастардың облыстық «Жайдарман» сайысы өтті. Жастардың бойындағы мәдениеттілікті қалыптастыру, рухани-адамгершілікке, өнерге, білімге деген шығармашылық ізденістерін дамыту, жастар арасында қазақ тілінің дамуына және жандануына үлес қосу, талантты жастарға қолдау көрсетуді мақсат еткен сайыс аудан әкімінің кубогына арналды.

Көңілді тапқырлар клубының мүшесі, танымал жүргізуші Марат Достаев жүргізген өнер сайысына Мақтарал ауданының «Сырдария», Түркістан қаласының «ХҚТУ тарифы», шымкенттік «Жаным әшейін», «Шымкент жастар құрамасы», «Шымкент көпсалалы колледжі», «Нағыз Джентельмендер», «Зертас», «Капитан», «Миллион», «Парасат колледжі» командалары мен ауданымыздың атынан «Батыр қала» құрамасы сынға түсті.

Жастар жанашыры, аудан әкімі Ерлан Айтаханов жалынды жастардың басын қосқан шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Болашағын бүгіннен бастаған еліміздің ең көңілді жастары киелі Отырар өлкесінде бас қосып отыр. Оңтүстік өлкесінің түкпір-түкпірінен топ жарған өрендердің барлығы дерлік дүбірлі додаға үміттерін үкілеп, үздіктерін сайлап келгендері, салған беттен көрініп тұр. Алдағы уақытта мұндай шаралардың тек Шымкент қаласында ғана емес, барлық аудандарда өткізілсе дарынды жастардың бойындағы өнерін танытуға септігін тигізер еді» деді.

Белгілі сатирик Көпен Әмір-Бек төрағалық еткен қазылар алқасы бұл додада керемет өнер көрсеткен «Шымкент жастар құрамасы» ұжымын жеңімпаз деп таныды. «Сырдария» құрамасы І орыннан көрінсе, «Жаным әшейін» командасы ІІ орынға, «Миллион» командасы ІІІ орынға ие болды.

Сонымен қатар, отырарлықтардың атынан барлық сайысқа қатысушыларға К.Әмірбектің «Шәмшінің әндері мен әзілдері» атты кітабы мен «ЕХРО-2017» көрмесінің билеттері табысталды. Күлкі мерекесі көпшілік көңілінен шығып, жастар көңілді тарасты.

Back to Top