Қазақша Русский

АУДАНДА ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРМЕН БАЙЛАНЫСТАР ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің бірінші тоқсанындағы мәжілісі болып өтті.

ҚР азаматтарының дін ұстану бостандығын, құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясат, қоғамдағы діни келісімді нығайту және конфессияаралық қатынастар үйлесімділігі мәселелері жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Дүйсебеков арнайы қатысқан жиынға кеңес мүшелері, дін өкілдері, ауыл округінің әкімдері, тиісті бөлім басшылары , ұлттық емес ұйым мүшелері қатысты.

Кеңес мәжілісінде Шәуілдір, Қоғам, Отырар ауыл округтері әкімдерінің ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы аясында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Сонымен қатар, есептік тіркеуден өтпей, қызметін тоқтатқан, тіркеуден өтпеген, салынып жатқан діни бірлестіктер мен филиалдар жұмысын, исламдық бағыттағы мешіт имамдарының уағыздарына және проблемалық мәселелерге талдау жасау, діни заттар сататын немесе тарататын орындарды заңдастыру мәселелерінің орындалуы туралы әңгіме қозғалды.

Жоғарыда айтылған мәселелерді кеңінен талқылаған кеңес мүшелері облыстан келген басқарма басшысының орынбасарына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Бақтыбай Елікұлы жиында айтылған мәселелер бойынша арнайы жоспар құрып, атқарылар істерде бірігіп, жүйелі жұмыс істеу керектігін баса айтты.

Сондай-ақ, кеңес төрағасы өткізілген жиын барысында берілген тапсырмаларды ІІ-тоқсанда пысықтауды ұсынып, мәжілісті қорытындылады.

Back to Top