Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ТҮРКІСТАН ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ ҒОЙ ...

Бүгін түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауидің, қазақтың хандары мен сұлтандарының, билері мен батырларының мәңгілік тыныс тапқан мекені – қасиетті Түркістан қаласында түркітілдес 20-дан аса мемлекеттерден келген түбі бір туысқан халықтар Ұлыстың ұлы мерекесі әз-Наурыз мерекесін бірге тойлады.

Түркістан қаласы бұрын да қазақ мемлекетінің бейресми, рухани астанасы саналатын. Ал, биылғы ерекшелік – ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен 2017 жыл «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» деп, ресми түрде бекітілген. Осыған орай, қайта жаңғыртылған Есім хан алаңында салтанатты жиын ашылып, «Наурызнама» іс-шарасы басталды.

Жиынды ашқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қазақ, түрік, орыс тілдерінде осы жиынның мән-мағынасына кең тоқталып, арнайы шақырылған қонақтар мен қала тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізсе, сенатор Қуаныш Айтаханов сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың жылы лебізін оқып берді. «ТҮРКСОЙ»-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов «ТҮРКСОЙ – түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген сөзін келтіре отырып, осы істің жүзеге асқанын атап өтіп, барша жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Шара барысында 20-дан астам түркі тілдес елдердің өкілдері бір сахнада кезек-кезек өнер көрсетіп, мәдениетімен таныстырды. Сонан соң, желмен жарысқан жүйріктерді тізгіндеген жігіттеріміз ат үстінде тамаша трюктер көрсетіп, көрермендерді таң-тамаша етті.

Салтанатты жиын мен концерттік бағдарламадан кейін құрметті қонақтар арнайы тігілген киіз үйлерді аралап, наурыз көже және қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Отырар ауданы Наурыз қалашығында ақшаңқан киіз үй тігіп, Румыниядан келген қонақтарға құрмет көрсетіп, сый-сияпат тапсырды. Еуропадан ат арытып келген түркі тілдес бауырларымыз, естелікке суретке түсіп, отырарлықтардың көрсеткен ізетіне ризалықпен аттанды.

Аудан әкімі Ерлан Айтаханов бастап келген отырарлық делегация айтулы шараға қатысса, аудан өнерпаздары өнерлерін ортаға салды.

Back to Top