Қазақша Русский

ОСЫНДАЙ ТОЙ ОТЫРАРДА, БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН!

Бүгін ауданымызда Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз мерекесі бұрынғы өткен шаралардан ерекше, жоғары деңгейде тойланды. Таңғы тоғыздан бастап ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі басталып, тұрғындарға нарықтан төмен бағада ет-сүт, жұмыртқа, өзге де күнделікті тұтынатын азық-түліктер ұсынылды.

Ағаш пен темірден түйін түйген Қалдаяқ, Мәлік, Нәдайымбек т.б. ұсталардың жолын қуған отырарлық қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік көңілінен шықты. Көрмеге жалғасып ілінген 20 метрлік баннер өлке тарихынан сыр шертіп, ауданның құрылу тарихын баяндайды. Мұнан соң орталық алаңда әз-Наурызға арналған мерекелік шара «Нұр себеле, әз-Наурыз!» атты театрландырылған қойылыммен басталды.

Аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудан тұрғындары мен арнайы шақырылған қонақтарды ұлық мерекемен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзін: «Бірлік пен береке және салт-дәстүр мейрамы болып саналатын, әлемнің қаншама еліне қуаныш сыйлаған Наурыз тойы – жер бетіндегі ең көне мерекенің бірі, әрі бірегейі. Наурыз мерекесі басқа елдерді былай қойғанда, біздің түркі тілдес халықтардың көпшілігінде үш мың жылдан бері тойланып келеді.

Биыл өтетін «ЕХРО-2017» көрмесіне орай 17 киіз үй тігіп отырмыз. Әр киіз үйге Отырар оазисіндегі 17 қаланың атауын беріп отырмыз. Мұның өзі – тарихқа, даңқты бабаларымызға деген құрметіміз. Өткенді бағаламай, болашаққа қадам жасау мүмкін емес. Осындай ұлы мейрамда ғұламаларымыз бен данышпандарымызды, батыр бабаларымызды бір еске алып қойғанымыз артық болмас. Бүгінгі мерекелеріңізбен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» деп түйіндеді. Осыдан кейін аудан әкімі 2016 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан азаматтар мен ұжымдарға «Сала саңлағы» номинациясын тапсырды.

ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлы, «Әлем ақыны» Мұхтар Шахановтар сахнаға көтеріліп, Наурыз мерекесінің қайта оралу тарихына тоқталып, жерлестерін Ұлы мейраммен құттықтады. Құттықтаудан соң аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов бір топ азаматтарға Алғыс хат тапсырды.

Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, арнайы тігілген киіз үйлерде наурыз көжеден дәм татып, салт-дәстүрлердің көрінісі (тұсаукесер, бесікке салу, беташар, алас т.б.) көрсетілді.

Наурыз тойда білектілер мен жүректілер сынға түскен ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар басталды. Атап айтсақ, «Қазақ күресінен» шыттылық Айбек Садық «Түйе палуан» атанып, ләңгі тебуден көксарайлық Самат Тоқбергенов алдына жан салмады. Қол күресінен 70 кг дейінгі салмақта қоғамдық Ердәулет Есіркеп, ал, 70 кг жоғары салмақта шәуілдірлік Фараби Жаханов жеңімпаз атанды. Бұрын болмаған доданың бірі – «Қошқар көтеру» көпшіліктің аса қызығушылығын тудырды. Алғашқы талапкер үлкен мүйізді қошқарды 18 мәрте көтерсе, кейінгі шыққан жігіттер одан асырып, бәсекені қыздыра түсті. Бағы мен бабы қатар шапқан түйе палуанымыз Айбек бұл сыннан да сүрінбей, 120 рет көтеріп, рекорд «жаңартты». Қазақтың палуан жігіттері мәрт келетіні белгілі. Айбек осы қошқарды күреске баулыған бапкері – Нышанбек Бексұлтановқа сыйлады. Осылайша ауданымызда Наурыз тойы бұрын-соңды болмаған, жоғары деңгейде тойланып, тұрғындар тарапынан биік бағасын алды.

Бүгінгі шара «Шәміл-Дүр» жастар саябағында кешкі жастар сейілімен жалғасады.

Back to Top