Қазақша Русский

КООПЕРАТИВ ҚҰРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылдың 29 қазанында «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» Заңға қол қойып, түрлі ауыл шаруашылық өндірушілердің экономикалық бірлестіктердің негізін қалыптастырып берді. Заң Ұлт жоспары – «Бес институционалдық реформаны» жүзеге асыруға және ауыл шаруашылық кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының қызметін кешенді түрде реттеуге бағытталған.

Бүгін аудан әкімі Ерлан Айтаханов аталмыш заңның ауданымызда орындалу барысымен танысу мақсатында Отырарда құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің төрағаларымен кездесіп, олардың алға қойған мақсаттары мен жоспарларын тыңдады. Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық кооперативтерге Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен басымдықтар жөнінде, соның ішінде инвестициялық субсидиялар алу жолдары мен заң талаптарына кеңінен тоқталып, түсіндіріп өтті.

Басқосуда аудан басшысы өткен жылы заңды күшіне енген «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңның ерекшеліктеріне тоқтала отырып, олардың аудан аумағында орындалу барысы жөнінде өз алаңдаушылығын білдірді. Жаңа Заңды аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттілігіне баса назар аударып, заман талабынан туындап отырған аталмыш заң аясында бірігіп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға шақырды. Сонымен қатар, алдағы уақытта мемлекет тарапынан жеңілдіктер ірілендірілген шаруашылықтар берілетіндігін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Ерлан Қуанышұлы аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бөлімдеріне, ауыл округі әкімдеріне аудан көлемінде егіс алқаптарына агортехникалық шараларды дер кезінде жүргізу үшін кемінде 4 МТС құру жұмыстарын ұйымдастыруды, көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарын пысықтап, шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына қажетті несие алуға әзірлеген құжаттарын қаржы ұйымдарына мерзімінде ұсынуды, аудан көлеміндегі ұсақ шарушылықтардың кооперативтерге бірігіп, жүйелі жұмыстар жүргізуі қатаң тапсырды.

Back to Top