Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ТАБЫСҚА ТОЛЫ ЖЫЛ БОЛДЫ

Бүгін аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов отырарлықтар алдында 2019 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, есеп берді. Аудан әкімінің есеп беру жиынына аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау ұйымдарының басшылары, мекеме және бөлім басшылары, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының төрағалары, аудан тұрғындары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесуге келген көпшілік алдымен 2019 жылы ауданда атқарылған жемісті жұмыстарды арнайы дайындалған бейнесюжеттен тамашалады. Тарих еншісіне қалған жылы ауданымызда жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде толайым табыстарға қол жеткізіліп, бірқатар салалар бойынша межелі міндеттер жоспардан артығымен орындалды.

2019 жылдың есепті мерзімінде ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында 13 млрд 503 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі - 102,5% құрады.

Ауданымыздағы тарихи оқиғаның бірі - газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Аудан көлеміндегі бір-біріне тығыз және аудан орталығы Шәуілдірге жақын орналасқан 22 елді мекенге табиғи газ тарту мақсатында жобалық сметалық құжаттар дайындалды. Оның ішінде 2018-2019 жылдары 10 елді мекеннің құрылыс жұмыстары басталып, 6 елді мекеннің құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған 4 елді мекеннің (Шәуілдір, Темір, Ынталы, Мыңшұқыр) құрылыс жұмыстарын аяқтап, жыл соңына дейін 10 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланды.

Отырар ауданы туризм саласын дамытуға ең қолайлы аймақтардың бірі болып табылады. Осыған орай өткен жылы туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Қоғам ауыл округіндегі «Арыстанбаб» кесенесінің аумағын және «Отырар төбе» қалашығына кіре беріс қақпа маңын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп аяқтал¬ды.

Аудандағы тағы бір оңды істердің бірі 2019 жылы облыстық бюджеттен (құны 295,7 млн теңгеге) Шәуілдір ауылындағы үш қабатты 24 пәтерлік қызметтік және аудандық бюджеттен (190,8 млн теңгеге) Мыңшұқыр елді мекеніндегі екі қабатты 12 пәтерлік 2 тұрғын үйлердің құрылысы салынып, пайдалануға берілді.

Жиында көпшілік атынан сөз алған Әбілқасым Құлымбет, Оңалбек Тоқбергенов, Қалдан Байжұман, Майлыбай Сиқымбаев, Серікбай Шаяхметов және тағы да басқа азаматтар аудан әкіміне ұсыныс-пікірлерін айта келіп, жыл ішінде атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, ақ баталарын берді.

Есеп беру жиынынан соң аудан басшысы Ә.Жүнісов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап берді.

Back to Top