Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

Халің қалай, ауылдас? Әкімдерді халыққа жақындата түскен жоба

– Анашым, әлгі ағалар біздің туыс­қанымыз ба?

– Иә, айналайын, аудан әкімі мен қыз­меткерлері ғой, біз секілділерге қол ұшын беріп қамқорлық жасап жүр екен.

– Үлкен болғанда мен де балаларға, саған көмектесемін...

Жетідегі ұл мен ананың ара­сын­дағы әңгі­ме ескертусіз келген қайырымды қонақ­тар кеткен соң болған еді. Аудан әкімі үйіне келгенде абдырап қалған көп балалы ана көпке дейін қайырымды жан­дардың барына тәубесін айтып, күбір­леумен болды. Әкім атаулы үйіне келіп, жағдай сұраған емес еді. Бала бағудан босамаған ана да аудандағы әкімнің алдына бармапты. Әйтпесе, балаларына тиесілі жәрдемақыны азық-түлікке әрең жеткізіп жүрген ананы әбден тозығы жеткен, шатыры тесілген кішкене ғана баспанасының жайы көптен бері мазалап жүрген-ді. Енді үй де көктем шыға жөн­делетін болды. Қызметкерлерімен айға жетер азық-түлігін арқалай келген аудан әкімі үйдің кем-кетігін түзеп, жаңартып беретін жанашыр табуға уәде беріп кетті.

– Мемлекет тарапынан да, жергілік­ті әкімдік те аз қамта­ма­сыз етілген отбасыларға жан-жақты қол­дау көрсетіп келеді. От­бас­ындағы аза­мат­тардың жұмыс­пен қамтылуы, мем­лекет­тік бағдарламаларға қатысуы да назар­дан тыс қалған емес. Көрші-қолаң, ағайын-туыс реті келгенде қол ұшын созады, кәсіпкерлер де демеушілік жасап тұрады. Алайда тұрмысы нашар, қиындыққа ұшы­раған отбасылар әлі де бар. Кері­сінше, көмекті әлдекімнен күтіп, әрекетсіз жататындарды да кездестірдік. Жуырда ауыл­дағы кедейлік шегіндегі отба­сы деп танылған бір үйге бар­дық. Іргетасы биік қаланған үй. Жастар болмаса баспалдақсыз ірге­тас­тан егде адам көтеріле ал­май­ды. Үйден шыққан атпал­дай азамат қолын созып, бізді тартып шығарды. Тепсе темір үзеді дейтіндей-ақ жігіт. Баспалдақсыз балалары, әйелі қалай кіріп жүр деген оймен үйге кірдік. Бала-шағасымен салқындау әрі жұпыны бір бөлмені пана­лап отыр. Ота­ға­сының әңгімесінен ұққа­нымыз, әке-шешесі көмектесіп тұрады, өзі жұ­мыссыз. Жалпы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан аудан-қалалардағы кедей­лік шегіндегі отбасыларды анықтап, қыс­қа мерзім аралығында аяғынан тұр­ғызуды көздейтін «Қамқорлық» жобасы ауылдағы жағдайды нақты білуге де септігін тигізіп отыр, – дейді Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков.

Аудан әкімі барлық ауыл­дар­дағы қол­­дауға мұқтаж жан­дар­дың отбасын­да болып, жағдайларына қанығып қайт­қан. Сондай-ақ жуырда жергілікті кә­сіп­­керлердің, Кувейттегі дү­ние­­жүзілік ислам қайырымдылық қоры басшыларының демеушілік жасауы­мен Сайрам ауданы бо­йын­ша 110 бала қажетті киім-кешек заттарымен қамтамасыз етіл­ді. Түркістан облысының бар­­лық аудан-қалаларын­да бел­сенді іске асырылып жатқан «Қам­­қ­ор­лық» жобасы аясында қиын­дық шегіндегі отбасыларды сауық­тыру жүйелі түрде 4 мәсе­лені қамтымақ. Яғни, қажетті азық-тү­лікпен қамту, науқастары бол­­са толық медициналық көмек көр­­сету, ауру­ханаға жатқызып ем­деу, жұмысқа орналастыру, ма­­ман­дығы жоқ болса кәсіп­тік білімге оқыту шаралары ат­қа­рылуда. Төртіншіден, түрлі демеушілік көздері арқылы баспанамен қамтамасыз ету де қаралған. Атал­ған жобаны үйлестіру Nur Otan партиясының облыстық филиалына жүктелген. Аудан-қала әкім­дері мен еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау басқармасы жаса­ған тізімге әзірге 1535 отбасы, яғни 7 мыңға жуық адам еніп отыр.

«Ал жобаға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы қара­лады. Шамамен әрбір ауданға 90-100 млн тең­геден бөлінеді. Осы кешенді қадам­дар іске асырылып, кедейлік шегіндегі ша­ңы­рақтар қалыпты ел қатарына қосылуы керек. Әйт­песе, қайырымдылықты қазе­кем қай кезде де жасап келеді. Деген­мен нақты, әрі жүйелі жүрме­ген­діктен көбісінің оңала ал­май­­тыны анық. Егер осындай тұ­­рақ­ты қолдау арқылы жыл са­­йын 1,5 мыңдай отбасыны қуантып, ахуалын жақсарта алсақ қанекей! Бірнеше жылда мыңдаған жанның жылдарға созылған проблема­ларын шешіп, берекелі шаңырақтың қата­рын еселеп арттырар едік. Әсіресе, бұл жоба әлеуметтік жағдайы осалдау, көп балалы отбасылар бойынша респуб­лика­да 1-орынға шығатын Түркістан өңірі үшін аса маңызды болмақ», дейді Nur Otan партиясы Түркістан облыстық фи­лиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Бей­сенбай Тәжібаев.

«Қамқорлық» жобасы аясында бас­паналы болып жатқан отбасылар да бар. Мысалы, Төле би ауданындағы жомарт жандар облыс әкімінің бастамасын қолдап, аз қамтылған отбасына демеу­ші­лік танытты. «Тау самалы» демалыс айма­ғы­ның басшылығы 7 балалы отбасына қам­қорлық көрсетіп, өз қаражаты есебі­нен үй салып беруде. Тозығы жеткен ескі бас­панада тұрып жатқан көп балалы от­ба­сы алдағы жазда жаңа қоныс тойын тойлайды. «Жеті баламен құлағалы тұр­ған кепеде тұрып жатқан біз үшін бұл күтпеген сый болды. Хабарды естіген балаларымның қуанышында шек жоқ. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа жобаның бүкіл аудан, ауылдарда жүріп жатқанын естіп отыр едік. Баспанаға зәру біз сияқты жандарға жасалған бұл қамқорлықты ешқашан ұмытпаймыз», дейді көп балалы ана Гүлмира Әшірова.

Үй салуға көмекті Мақта­арал ауданы Иір­жар ауылдық округі Наурыз ауылын­­­да тұратын Сапархановтың отба­сы да ала­тын болды. Отағасы Нұр-Сұл­­тан қала­сын­да жалдамалы жұмыста істей­ді екен, ал 4 баланы асырап отырған Бағи­ла Әбді­разақова жұмыссыз. Аталған отба­сына көп балалы аналарға берілетін жәрдем­ақыдан басқа табыс кіріп жатқан жоқ. Отбасына тиесілі 40 сотықтан аса жер бар. Дегенмен, тұрып жатқан үй апатты жағдайда. Көп балалы ана аудан әкімі Бақыт Асановтан үй салуға көмектесуді сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы отағасына тұрақты жұмыс тауып беретінін айтып, отанасына отбасылық кәсіп көзін ашуға кеңес берді. Сондай-ақ Иіржар ауылдық округінің депутаты Бауыржан Әбілов үй салуға материалдық көмек беруге уәде етті. Ал «Қамқорлық» жобасы аясында Қазығұрт ауданында анықталған баспанасыз 20 отбасының барлығы үйлі болады. Бұл мақсатта жергілікті билік демеушілермен кесіссөздер жүргізуде.

Жалпы Түркістан облысында 700-ден астам отбасы «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы бойынша жан-жақты көмек алды. Осылайша аталған жоба талай жанды қуантумен қатар жер­гілікті әкімдерді халыққа жа­қын­­дата түсті. Nur Otan партия­сы қамқорлықтың уақытша акция­лық сипатта өтпеуін барынша қа­дағаламақ.

Түркістан облысы

Back to Top