Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ҚОС КЕЗДЕСУ ӨТКІЗГЕН ЕКІ ТЕОЛОГ, БІР БОКСЕР

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен облыс көлемінде «Түркістанның рухани керуені» тақырыбы аясында өтіп жатқан кездесу жиыны Отырар ауданында жалғасты.

Осыған орай бүгін боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының және әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия біріншіліктерінің чемпионы, «Парасат» орденінің иегері Мұхтархан Ділдәбеков отырарлықтармен кездесті.

Алдымен аудан орталығындағы «Оқсыз» спорт кешенінде болып жас спортшылармен кездескен былғары қолғап шебері өзінің спорт саласындағы жетістіктерімен бөлісіп, отбасы тәрбиесі жөніндегі келелі әңгімелер өрбітті. Спортшы жиын барысында жастардың көкейде жүрген сауалдарына жауап беріп, ауданымызда екі жыл бұрын ашылған бокс спорт бөлімшесінің жас спортшыларына шеберлік сағатын өткізді.

Мұнан соң аудан әкімі Әбдіғали Жүнісовтің төрағалығымен Темір ауылындағы мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу жиыны өтіп, кездесуде ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігінің Жастар ісі секторының жетекшісі Қайрат Дәрібаев пен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-сі директорының міндетін атқарушы Медет Халықов ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, тағылымы мол келелі әңгімелер айтты.

Қос теолог бүгіндері елімізде кең қанат жайған өзге діни ағымдардың елге тигізер зардабын нақты мысалдар арқылы келтіріп, салафизмнен аулақ болуды, отбасылық тәрбиені күшейту жөніндегі ойларымен бөлісті.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев, «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы Алмас Ақылбек, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Дәурен Ақсақаловтар мәртебелі қонақтарға өз сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Мазмұнды жиынды қорытындылаған аудан басшысы қарапайым ауылдағы көпбалалы отбасыдан шығып, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғап, көк туымызды көкте желбіреткен даңқты спортшы мен теолог мамандарға бүгінгі қоғамда өзекті болып отырған тәрбиелік мәні зор мәселелерді көтеріп, түп тарихымыз бен салт-дәстүрімізді байланыстыра отырып көпшілікке терең ой салған әңгімелері үшін аудан тұрғындары атынан шынайы алғысын жеткізіп, сый-сыйапат жасап құрмет көрсетті.

Back to Top