Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ЖИЫНЫ

Бүгін, тамыздың алтысы күні кеңес төрағасы Аралбай Асанның басқаруымен кеңестің кезекті жиыны өткізілді. Күн тәртібіне ауданымыздағы дене шынықтыру және спорт, ветеринария бөлімдеріндегі биылғы өткен алты айдағы атқарылған жұмыстар туралы мәселелер енгізілген жиында бұл жөнінде аталған бөлімдердің басшылары Ермек Ташов пен Тоқсейіт Елекеевтердің есепері тыңдалды.

Бөлім басшыларының өткен жарты жыл ішіндегі жеткен жетістіктер мен алдағы уақытта атқарылар тірліктерді тілдеріне тиек еткен жиында Ж.Әбдіқадыровтың Т.Елекеевке жеке азаматтардан сатып алынатын ет, сүт өнімдерінің сапасы көңілге күмән, күдік ұялататынын қынжыла айтып, осыған тиісті орындар тарапынан жүйелі түрде қадағалау, бақылау қажет деген орында пікірін Ж.Айнабеков, Ө.Жүніс, С.Қыдыр, О.Тоқбергенов сияқты белсенді кеңес мүшелері одан әрі өрбітіп, өздерінің көкейлеріндегі ойларын да іркіп қалмады. Ал, қашан зейнеткерлік демалысқа шыққанша спорт саласының намысын қорғап, қажет жерлерінде сойылын да соққан белгілі азамат Т.Тұрабаевтың өзінің саналы өмірінде ыстығына күйіп, суығына тоңған спорт саласына қатысты айтқан пікірлері тым ащы сындармен өріліп жатты. Әрине, мұндай абзал ағалар тарапынан айтылған орынды пікірлердің жанашырлық тұрғыдан қозғалғандығына еш күмән келтіре алмаймыз. Бұл кісілер айтса өмірден көріп, көкейлеріне түйген ойларын айтатындары даусыз.

Сонымен жиында кеңес мүшелері аталған салалардағы әттеген-ай дегізерліктей жайттарды ащы сындары арқылы атап көрсетіп, оларды жедел жоюдың тиімді жолдарын да айқындап беріп отырды. Сөйлеген азаматтар тарапынан ортаға салынған ойлардың қай-қайсысы болмасын күнделікті өмірге қажетті әрі өте өзекті, денсаулыққа пайдалы екендігін дұрыс сезінгеніміз жөн. Есеп берген бөлім басшылары алдағы уақыттарда айтылған ұсыныс-пікірлерден оңды нәтижелер шығарып жатса мұның өзі ілгері жылжуымызға септігін тигізері сөзсіз.

Back to Top