Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ АУДАНЫМЫЗДА

Бүгін ауданымызға арнайы іс-сапармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев, Түркістан облысы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы директорының орынбасары Нәлібай Дәрібаевтар аудан тұрғындарымен жиын өткізді. Жиынға ауыл әкімдері, шаруа қожалығының төрағалары, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Көпшілік алдында сөз алған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы директорының орынбасары Нәлібай Дәрібаев мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға көптеген мүмкіндіктер қарастырылып отырғандығын, алайда екінші деңгейлі банктер мен несие ұйымдары кепілге қойылатын ауылдық жердегі кесектен салынған тұрғын үйлер мен құрылыс нысандарын өте төмен бағалайтындығын атап өтті. Осы мәселені шешу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын сөз еткен палата өкілі ауданымыздағы жүгері өңдеу, шұбат өндіру кәсіпорындарының жұмысын одан әрі дамытып, терең өңдеу арқылы кәсіпорында өндірілетін өнім түрлерін көбейтудің маңыздылығына тоқталды. Ал, жиында сөз алған халық қалаулысы Нұржан Әлтаев Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баян етіп, әсіресе кәсіпкерлер мен шаруалардың түйткілді мәселелерін оңтайлы шешу бағытында министрліктерге арнайы хат жолдап, бірқатар мәселелердің оң шешілуіне ықпал жасағанын ерекше атап өтті. Жиын барысында тұрғындар ауыл шаруашылық саласына берілетін субсидиялардың аздығы, су тапшылығы, туризм кластерін дамыту бағытына да несиелер мен жеңілтіктер қаралса деген ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ шаруалар мемлекет тарапынан берілетін несиелер мен түрлі көмектердің ақпан-наурыз айларынан кешіктірілмей берілуі аса маңызды екендігін жеткізді. Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нуржан Альтаев көпшілік тарапынан айтылған сауалдар мен ұсыныстардың жерде қалмайтындығын айтып, тұрғындарды жұмыла еңбек етуге шақырды. Жиынға қатысушылар атынан зор алғыс білдірген аудан әкімі Ерлан Айтаханов мәртебелі меймандарды Көкмардан ауылындағы «Отырар-Сүт-Ет» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен таныстырды. Кооператив тәулігіне 5 тонна сүт, 1 тонна ет өңдеуге қауқарлы. Мұнда қазір жалпы саны 25 адам тұрақты жұмыс атқарады. Мұнан соң Қоғам ауылдық округіндегі «Отырар-Құрал» ЖШС-нің қарқынды бауына атбасын бұрды. Алма өсірумен айналысатын серіктестік 2019 жылы құрылған. Серіктестіктің меншігінде 50 гектар жер болса, оның 12 гектарына 32 мың дана алма ағашының көшеті отырғызылған. Қазіргі таңда, бауда алманың Ред делишес, Голден делишес, Гала, Гренни смит сорттары егілген. Қожалық жұмысымен танысқан халық қалаулысы одан әрі Шілік ауыл округіндегі «Гүлмайра» шұбат өңдіру цехында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысып ұжым мүшелерімен жан-жақты пікір алмасты. Өңдеу цехын одан әрі дамыту мәселелері сөз болды. Кәсіпорын қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына өзінің оң бағасын берді.

Back to Top