Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Бүгін Отырар ауданы, Темір ауылында Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған елге тағзым» бағдарламалық жоспарына сәйкес, осы кезге дейін жеке баспаналары болмай пәтер жалдап күн кешіп жүрген көпбалалы Ербол Мүсіреповтің отбасы Ораза айт мерекесінің соңғы күні жерлестерінің арқасында баспаналы болып, ерекше қуанышқа кенелді.
Жергілікті кәсіпкер Бауыржан Қаныбеков пен «Темір» жалпы орта мектебін 1994 жылы бітірген түлектері бірлесе отырып, Мүсіреповтер жанұясына бес бөлмелі баспана тарту етті. Бүкіл ауылды сүйсінткен аталмыш игілікті шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты. Қуаныш иелеріне ізгі тілегін білдірген аудан басшысы өз сөзінде: - Қазақ халқы «Қайырымдылық қайырлы іс» деп бекер айтпаса керек!
Қасиетті Рамазан айында ниет білдіріп, Ораза айттың үшінші күнінде жаны жомарт ауыл азаматтары көп балалы отбасының шаңырағына шуақ шашып, жүректерінің жылулығын бүлдіршіндерге сездіре білді. Қиын сәтте қол ұшын созып көрсеткен көмек ешқашанда ұмытылмайды. Әзімхандай ағамыздың ұлы, асылдың көзі Бауыржан жыл сайын мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен қамтамасыз етіп, көмектер көрсетіп келеді.
Бүгінгі қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтай отырып, дердеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін, - деді. Аудан әкімдігі атынан көпбалалы отбасына тоңазытқыш, кір жуатын машина, үйге қажетті жиһаздар тарту еткен аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы мұндай сауабы мол игілікті істер алдағы уақыттарда да өз жалғасын табатындығын атап өтті.
Қайырымдылық шарасында сөз алған 1994 жылғы бітірген түлектер атынан Сұлтан Баймаханов Мүсіреповтердің отбасына баспана кілтін салтанатты жағдайда табыстаса, ардагер ұстаз, ауылдың батагөй қариясы Айтуар Төлегенов баспана иелерін шын жүректен құттықтап, ақ батасын берді.

Back to Top