Қазақша Русский

ОТАНСҮЙГІШТІК – МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІ ҚҰРМЕТТЕУДЕН БАСТАЛАДЫ

Бүгін отырарлықтар Тәуелсіз еліміздің бостандығы мен еркіндігін айшықтайтын айрықша мерекеміз – 4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін атап өтті.

Мерекелік шарада кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылып, көрермендер тарихи сәттер мен құнды мағлұматтарға қанықты. Салтанатты жиынмен басталған шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдос Құлмаханов арнайы баяндама жасады. Баяндама барысында «Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жария¬лаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Егемендіктің ерекше белгісі еліміздің Мемлекеттік рәміздері де көп уақыт өтпестен 1992 жылғы 4 маусым күні қабылданып, осы күн айшықты мереке ретінде белгіленді» деген бөлім басшысы Отанын, жерін, елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатынын Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға шақырды.

Мұнан соң аудан әкімі Ерлан Айтаханов жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, сөз сөйледі. Құттықтау сөзінде «Мемлекеттік рәміздер - Егемен еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы байланыстың жарқын белгісі. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Егемендіміз бен еркіндігімізді айқындайтын жас ұрпақтың намысын оятып, патриоттық сезімдерін ұялататын – рәміздер мерекесі құтты болсын! Көк байрағымыз биікте желбірей берсін!» деген ізгі тілегін білдірді. Шара барысында бір топ азаматтар ауданымыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене қатысып, зор үлес қосқаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Аудан өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шара соңында аудан жастары мерекелік автошеруіне ұласты. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятып, патриотизмге үндеп, батылдыққа тәрбиелеген автошеруде көк туымызды көкке көтеріп, орталық көшелермен жүріп өтті.

Back to Top