Қазақстан-2050 | Президент сайты | Үкімет сайты | Парламент сайты | Түркістан облысы әкімдігі сайты
Қазақша Русский

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ ОҚТАРЫ

Бейбіт күн орнап, адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылғанына да 74 жыл толып отыр. «Ер басына күн туып, етігімен қан кешкен» сол бір сұрапыл жылдарда мыңдаған қазақстандық майданда кеудесін от пен оққа төсеп, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғады. Қаншама боздақ азаттық үшін жандарын пида етті. Өмір мен өлім белдескен алапат айқаста халқымыздың Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілігінің, қажымас қайраты мен жарасты ынтымағының нәтижесінде Ұлы Жеңіс келді.
Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығына орай ауданымызда мерекелік іс-шаралар болып өтті. Алдымен Арыс жағалауындағы Кеңес Одағының батырлары Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимовтер және ҰОС қатысушы жауынгерлердің есімдері жазылған мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, марқұм болған боздақтардың рухына Құран бағышталды.
Көрермендер назарына «Ер есімі – ел есінде» атты театрландырылған қойылым мен соғыс жылдарындағы әндер ұсынылып, аудан әкімі Ерлан Айтаханов барша отырарлықтар мен аудан қонақтарын мерекемен құттықтады. Құттықтау сөзінде аудан әкімі «Осынау қасиетті мереке күні біз азаматтық арды ту етіп көтеріп, істерінің ақ та адал екендеріне имандай сеніп, дүниедегі ең қымбат өз өмірлерін құрбан еткен ерлердің аруақтары алдында бас иеміз. Сол бір сұрапыл жылдарда 3000-нан астам отырарлықтар майдан даласына аттанып, 2466 боздақ туған жерге оралмады. Олардың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Отанға, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік мыңдаған қазақстандықтардың тұла бойынан жалындап тұрды. Бүгінгі ардагер – кешегі жауынгер. Ол кезде небәрі 19-20 жастағы азаматтар ата-бабасының батылдығын, батырлығын, ержүректігін бойына сіңіріп өскен қазақ жауынгерлері, батыр ағаларымыз, жастығына қарамай бір қиырда жан алысып, жан берісіп, кескілескен ұрыстарға қатысып, керемет ерліктер жасады. Ал елге аман есен оралған кешегі майдангер, бүгінгі ардагерлеріміз еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек етудің өнегесін керсете алды» деген ізгі тілегін тебіреніспен жеткізді.
Мерекелік шара барысында ауыл шаруашылық және азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде тұрғындар тарапынан сұранысы жоғары азық-түлік өнімдері базар нарығынан 15-20 пайызға төмен бағада саудаланды.
Мұнан соң аудан басшысы ҰОС ардагерлері, ауданның Құрметті азаматтары Сейдахан Дәуренбеков, Тұрғанбай Сәбитов және 116 жастағы ардақты ана Хадиша Бекқұлиевалар құтты шаңырағында қонақта болып, мерекемен құттықтады. Жеңіс туын желбіреткен жауынгерлердің ерліктері мен қайсарлықтары хақында сөз болып, абзал жандарға арнайы сый-сияпаттарын табыстады.
Сонымен қатар, Жеңіс күні мерекесіне орай кіші футболдан Кеңес Одағының батыры Сейітқасым Әшіров атындағы ІІІ турнирдің жалауы желбіреді. 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі доп додасына облысымыздың аудан, қалаларынан 12 команда қатысып, бақтарын сынады.
(Фотосуреттердің авторы - Асхат Әссанди)

Back to Top