Қазақша Русский

ЯКУТИЯЛЫҚ БАҚ ӨКІЛДЕРІ АУДАНЫМЫЗДА БОЛДЫ

Бүгін ауданымызға туристік іс-сапармен Саха Республикасынан (Якутия) бір топ журналистер келді. Облыс әкімдігінің қолдауымен облысымыздың киелі, қасиетті жерлерін туристік мақсатта аралап жүрген Якутия елінен келген БАҚ өкілдері атбасын алғашқы болып Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайына бұрды.
Мәртебелі меймандарды аудан әкімі Ерлан Айтаханов үлкен қошеметпен қарсы алды. Ұлттық киім киген өнерпаздардың Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндерін құйғылжыта орындауы якутиялық туристерге ерекше әсер еткен болуы керек, ортада вальс билеп өздерінің де өнерден құралақан еместігін байқатты. Қазақы қонақжай дастарханнан нан ауыз тиіп, шұбат ішкен қонақтар мұражай ішіндегі құнды жәдігерлермен танысты. Мұражайды аралау барысында бабаларымыздың өткеніне терең үңіліп, әрбір жәдігердің тарихына зер салған якутиялық журналистер мұражай қызметкерлерінен молырақ мағлұмат алуға тырысты. Мұнан соң Арыстанбаб бабамыздың кесенесін аралап, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың зиратынан топырақ әкелініп қойылған мемориалды кешенді тамашалады.
Еліміздің киелі жерлерін аралап, оны туысқан Якутияда жан-жақты насихаттауды мұрат тұтқан қаламгерлерге аудан әкімі естелік ретінде туған жеріміздің шежірелі тарихынан сыр шертетін кітаптар тарту етті.

Back to Top