Қазақша Русский

АНА ДЕГЕН - БАСТАУЫ ҰЛЫЛЫҚТЫҢ... – 01

Бүгін ауданымызда көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін 8-наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Мерекелік шараға қатысушы қонақтар алдымен Мәдениет сарайының фойесінде «Ана – көктем, қыздар – гүл» тақырыптық көрмені тамашалап, нәзік жандылардың өмірі мен еңбектері жөніндегі жаңа кітаптармен танысты.
Қазақ тарихында өшпес із қалдырған Домалақ, Ұмай, Гауһар, Тоқмейіл, Зере сынды аналардың образдары сомдалып, өсиеттерімен басталған салтанатты жиында Мұхтар Асанов «Қадірле ата-анаңды тірісінде» атты термені нақышына келтіре орындады.
Мұнан соң атаулы мерекеге орай аудан әкімі Ерлан Айтаханов ардақты аналар мен аяулы қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде: «Қазақта мынадай жақсы сөз бар: «Ана – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Бұл сөз бекер айтылмаса керек.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев аналардың әл-ауқатына, тұрмыс-тіршілігіне үнемі назар аударып келеді. «Нұр Отан» партиясының ХҮІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Президентіміз республикалық бюджет шығындарының 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталатынын, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдауды күшейту туралы айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейту мақсатында Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Көктемнің бүгінгі жарқын күнінде біз де аналарымызға, әпкелеріміз бен қарындастарымызға, өзіміздің ең ыстық, ең ізгі жүрекжарды тілегімізді, құттықтауларымызды білдіріп, құрмет көрсеткіміз келеді. Барша отырарлық аналарымыз бен аяулы қыз-келіншектерімізді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын»,-деді.
Мұнан соң аудан әкімі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен наградталған алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқаларды» табыстады. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан қыз-келіншектер мен аяулы аналарды аудан әкімінің арнайы Алыс хатымен марапаттады.
Мерекелік жиын одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасып, жиналғандарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ, осы күні аудан басшысы аудан әкімі аппаратында қызмет істейтін қыз-келіншектерді де 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады. Көктемнің алғашқы мерекесі - әсемдік пен әдеміліктің, сұлулық пен ізгіліктің жаршысындай жайма-шуақ күйге бөлейтін жарқын мейрамда, әйелдер қауымына өздерінің жылы құттықтауларын арнап, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыстады.

Back to Top