Открыть меню Поиск
СМИ о нас
Ресми Интернет-ресурс

Отырар ауданының әкімдігі


БАЛҒЫН БАЛУАНДАР БОЗКІЛЕМДЕ

Бүгін Отырар ауданында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Отырар ауданының Құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Құралбай Орынбасарұлының жүлдесі үшін 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасында самбодан ІІ облыстық турнирдің ашылуы салтанаты өтті.
Аталған турнирге арнайы қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйлеп, білекті балуандарға сәттілік тіледі. Аудан басшысы өз сөзінде: «Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Осы орайда, халықаралық аренада Қазақстан спортының беделі жыл санап көтеріле түскенін аңғара аламыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрін дамыту бағытындағы жұмыстарға баса назар аудару қажет екенін ескертіп, қазақстандықтардың 30 пайызға жуығы бұқаралық спортпен қамтылуы керек екенін баса айтып келеді. Әрине, бұл тұрғыда ауданымызда да атқарылған жұмыстар аз емес. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыруды ерекше атап өтті. Елбасымыз Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды, сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажеттігін тапсырды. Бұл ел спортының дамуына ерекше серпін беретіні ақиқат.
Ауыл округтеріндегі бірнеше спорт кешендері мен ашық спорт алаңшалары аймақта салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бүгінгі самбо күресінен Әлем кубогінің қола жүлдегері, Азияның ІІІ дүркін жеңімпазы, қазақ күресінен Европа жеңімпазы, Азияның күміс жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа есім» жобасына енген Құралбай Орынбасарұлының атындағы турнир де осы шаралардың жалғасы. Турнирге қатысушыларға сәттілік тілеймін!»,-деді.
Қазақ спортын әлемге танытып жүрген спортшыларымыз қаншама. Соның ішінде Отырар ауданы спортының дамуында өзіндік орны бар Құралбай Орынбасарұлы, Сабыржан Әбілдаұлы, Әлімжан Райымжанұлы мен Қанат Нұров сынды даңқты балуандардың есімін мақтанышпен айтуға болады. Елімізге белгілі осы балуандардың жаттықтырушысы Нышанбек Бексұлтанов екенін де айта кеткеніміз жөн. Өйткені, балуандардың бүгінгі жеткен жетістігі осы ұстаздарының төккен маңдай терінің арқасы екені даусыз. Шара барысында аудан әкімі елімізде қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін Нышанбек Данышпанұлына Шымкент қалалық "Қазақ күресі" федерациясы қоғамдық бірлестігінің "Намыс Найзагері" төсбелгісін табыстады.
Мұнан соң турнир басталып, білекті де, жүректі балғын балуандар бозкілемде белдесті. Айта кету керек турнирге өңіріміздің Шымкент, Түркістан, Кентау қалалары мен Ордабасы, Сарыағаш, Шардара, Төлеби аудандарынан келген спортшы балуандар қатысып, бақтарын сынауда. Екі күнге созылатын сайыстың жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және естелік медальдармен марапатталатын болады.

© 2017

Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района