Открыть меню Поиск
СМИ о нас
Ресми Интернет-ресурс

Отырар ауданының әкімдігі


ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін ауданымызда Қоғамдық кеңестің кезекті көшпелі отырысы Маяқұм ауылында өтті. Кеңес отырысында ауданымыздың орталығына шалғай орналасқан Аққұм, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауыл округі әкімдерінің 2018 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы есептері тыңдалды.
Көшпелі отырыста алғаш болып Аққұм ауыл округінің әкімі Серік Әлшері есепті баяндамасын жасады. Баяндамада ауыл округінің шаруалары су тапшылығына қарамастан 4301 гектар жерге түрлі дақылдар еккенін жеткізді. Мал басының саны жыл санап артып отырған округте мал азығын дайындау ісі де жоғары деңгейде жүргізіліп, 109,3 пайызға артығымен орындалғанын айтты.
Сырдың арғы бетіндегі халқы ең тығыз қоныстанған Көксарай ауыл округінде мал басының барлық түрінен өсім көрсетіп, «Сыбаға» - 100 пайыз, «Құлан» - 105 пайыз, «Алтын асық» 101 пайызға артығымен орындалған. Ауыл әкімі Әбдірахмен Мәуленқұл округте былтырғымен салыстырғанда егіс көлемін 793 гектарға ұлғайтып, «Құдайберген» каналына 2 дана насос қою арқылы 400 гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз етуге қол жеткізгенін баяндады.
Келелі кеңесте Балтакөл ауыл округінің әкімі Жасұзақ Тәукебаев салық түсімдерінің барлық түрлерінен жоспарды артығымен орындағанын, өткен жылмен салыстырғанда 366 гектар суармалы жерді айналымға енгізіп, егіс көлемі 110,3 пайызға артығымен орындағанын баяндады. Ауыл округінің әкімі Балтакөлде 5 тары цехының тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғандығын жеткізді. Сонымен қатар, ауыл округінде абаттандыру жұмыстары да қызу қолға алынып, нәтижесінде «Шатқал» іс-шаралар жоспарына сәйкес 12 гектар жерге 5040 түп түрлі көшеттер отырғызылғандығын, алдағы күндері қосымша 3 гектар жерге де ағаш көшеттері отырғызылатындығын атап өтті.
Кеңес отырысында соңғы болып есеп берген Маяқұм ауыл округінің әкімі Берікбай Иманов округте жоспарға сәйкес жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біршама жетістіктерге қол жеткізгенін ерекше айтты. Атап айтқанда, биыл 3140 гектар жерге түрен салынып, түрлі дақылдар егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 113 пайызға артық. Сонымен қатар, Маяқұм ауылынан шыққан 9 Социалистік Еңбек Ері, 186 ҰОС қатысушылар мен тылда еңбек еткендерге, ауылдан шыққан ақындар және қоғам қайраткерлерінің құрметіне «Ардагерлер» саябағы салынған. Аталған жұмыстарға бюджет қаржысынан бөлек, ауыл кәсіпкерлері де қол ұшын созып, демеушілік жасағанын жеткізді.
Мал басы артып, жылыжай өндірісі жақсы жолға қойылған ауыл округінде туристік кластерді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Демеушілер есебінен «Оқсыз» қалашығына келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында автокөлік жолдары, аяқжолдар және автотұрақ салынып жатқандығын тілге тиек еткен ауыл әкімі келер жылы «Қостерек» елдімекенінде ауыз су мәселесі толық шешім табатынын ерекше атап өтті.
Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға округ әкімдері тұщымды жауаптар қайтарды. Өз кезегінде Қоғамдық кеңес мүшелері ауыл әкімдерінің жүйелі жұмыстарына оң баға беріп, қарар қабылдады.
Жиын соңында аудан әкімі Ерлан Айтаханов ауыл округтерінде атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылатын міндеттеріне тоқталып, өз пікірін білдірді.

© 2017

Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района